Kyzylorda-news.kz Сейсенбіде Қармақшыда Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде соғыс және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Нұржігіт Нақыповтың туғанына 100 толуына арналған «Ерлік пен еңбектің үлгісі» тақырыбында танымдық конференция өтті. Оған аудан тұрғындары, мәслихат депутаттары, ардагерлер, жастар, мекеме қызметкерлері, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйым өкілдері және ұрпақтары қатысты. Іс-шарада алдымен майдангердің өмір және еңбек жолы бейнебаян арқылы көрсетілді.
Нұржігіт Нақыпұлы 1923 Жосалы кентінен 20 шақырым жердегі Қараөзек бойындағы Шалқар көлінің жағасында, өзінің темір ұсталығымен елге танылған Тоқымбет Керей руынан шыққан Нақып Өтеуліұлының отбасында дүние есігін ашқан. Әкесі Нақып пен анасы Жібек қазақы дәстүрмен сәбиіне елге сыйлы, парасат-парқы биік Нұржігіт деген қарияның есімін береді. Көп ұзамай Кеңес билігінің жаппай колхоздандыру саясатының нәтижесінде қазақ халқына жаңа нәубет келіп, тіршілігінің өзегі болған жұрт бар малынан айырылып, ашаршылыққа душар болады. 1931 жылы әкесі Нақып отбасын ашаршылықтан аман сақтап қалу үшін сол уақыттағы «Абыла» ауылынан үдере көшіп, қазіргі Жалағаш ауданындағы М.Шәменов атындағы ауылға, сол уақыттағы «Белсенді» колхозына қоныс аударады. Осылайша Нұржігіт әкеміздің балалық шағы мейірімді нағашыларының ортасында өтеді.
1937 жылы отбасы Абылаға қайта көшіп барады. Әйтсе де, мұнда мектеп болмағасын Жалағаш стансасындағы Сталин мектебінде оқып, 1941 жылы Қызылорда қаласындағы педучилищеге сырттай оқуға түседі. Сол жылы соғыс басталады. Елбасына күн туған сәтте 18 жасқа толмаған өрімдей жас әкесіне білдірмей, қатарластарымен бірге қайта-қайта әскери комиссиариатқа барып, өздігінен соғысқа баруға сұранады. Алайда жасы жетпеген бозбаланы әскери комиссариат соғысқа жіберуден бас тартады. 1942 жылы 18 жасқа толысымен ол майданға аттанып, Ржев, Курск доғасы, Днепр үшін қантөгіс шайқастарына қатысып, кескілескен ұрыста өжет мінезімен батылдық танытады. Жау жағадан алғанда жігері жасымаған ол Еуропа елдерін азат етуде және Берлин шабуылында кеудесін от пен оққа төсейді. Сұрапыл соғыста еркіндік үшін мұз жастанып, қар жамылған жауынгерге «Ерлік үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» жауынгерлік медальдары тапсырылып, «Қызыл жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, Жоғарғы қолбасшының бірнеше алғысымен марапатталады.
1946 жылы соғыстан аман-есен оралған соң бейбіт замандағы еңбек жолын Қызылтам стансасындағы мектепте ұстаздықтан бастайды. Кейіннен кеңес-партиялық қызметке ауысып, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, хатшысы қызметтерін атқарып, тәжірибе толыстырып, қоғам өміріне етене араласады.
1947 жылы Жұбатқан анамызбен шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. 1958-1979 жылдары Қармақшы аудандық, 1979-1985 жылдары Жалағаш аудандық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы қызметін абыроймен атқарып, 1985 жылы Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығады.
Нұржігіт Нақыпұлының тікелей бастамасымен аймақтың тұтыну кооперациясы саласында Қармақшы ауданының әрбір елді мекенінде халық сұранысына сай сауда орындары бой көтеріп, кооперация желісі жандана түсті. Осы жылдары Жосалы кентінде облыс аудандарының арасында бірінші болып «Универмаг» сауда орталығы бой көтерді. Заманауи «Қармақшы», «Ақмаржан» мейрамханалары, «Сыр гүлі», «Сырдария» гастрономдары мен «Кооператор» сауда үйі салынып, халық тұтынатын тауарлардың қолжетімділігі арта түседі. Жалағаш ауданының орталығында да Универмаг салынып, сауда орындары қайта жаңғыртудан өткізіледі. Бұл ғимараттар қазірдің өзінде екі аудан орталығының келбетіне ажар қосып, самаладай жарқырауына жол ашты.
Ардақты азаматтың осындай ел дамуына қосқан елеулі үлесі еленіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ерлік еңбегі үшін» медалімен және Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Ол зейнеткерлікке шықса да елдің ақылшы ағасы ретінде іргелі істердің бел ортасынан табылып, қоғамдық-саяси өмірінен қол үзген емес. Өмірінің соңына дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, ардагерлердің қоғамдық қозғалысының нығайып, қалыптасуына елеулі үлес қосады, жақсылыққа дәнеркер болады. Жосалы кентінен соғыс ардагерлеріне арнайы тұрмыстық қызмет көрсететін «Ардагер» сауда үйінің салынуына мұрындық болып, Алты алашқа пір болған «Марал ишан» қорымына келушілерге арнап қонақ үйін салдыртуға ықпал етеді. Осылайша елде туризмнің қанат жаюына да қолтаңбасын қалдырды. Ілкі істердің жанашыры ретінде де ұрпақ тәрбиесін бәрінен биік қоя білді. Аудан ардагерлерін өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жұмылдырып, білім беру ұйымдарының қоғамдық шараларына да белсене араласты.
Абзал азамат 1999 жылы Жеңістің 54 жылдығын мерекелеуге дайындық үстінде жұмыс орнында кенеттен өмірден өтті.
