Kyzylorda-news.kz 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – бұл баршамызға балаларымызды қорғаудың, олардың қауіпсіздікте болуының, амандығының маңыздылығын еске салатын ерекше күн. Жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем мерекесі ауданымызда да аталып өтілді. Мереке қарсаңында Қармақшы аудан әкімі Жандос Еркінбек аудандық мәслихат, ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағаларымен бірге ерекше балаларды мерекемен құттықтады.

Аудан басшысы «Дәметкен ана» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту, аудандық психологиялық-педагогикалык түзету және «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар орталығында болып, онда тәрбиеленетін балалармен кездесті. Өз кезегінде аудан басшысы «Ерекше білім беруді қажет ететін балалар – қазіргі қоғамның ерекше бір бөлшегі. Оларға қашан да қолдау, қорғау барынша көмек қолын созу – біздің азаматтық борышымыз» деп балғын балаларға мерекелік жақсы көңіл күй сыйлап, бүлдіршіндерге тәттілер мен сыйлықтар үлестірілді. Сонымен қатар мерекелік кеште балалар аниматорлармен бірге ән айтып, би билеп, көңіл көтерді.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда 132 мүмкіндігі шектеулі балаларға 28 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді. Биылғы жылы жеке оңалту бағдарламасына сәйкес 1483 мүгедектігі бар тұлғаға, оның 418 мүгедектігі бар балаға протезді-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық, жүріп-тұру және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді.

Тағы да оқыңыз: