maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. 1986 жылдың 26 сәуірінде Украинада Чернобыль атом электр станциясының төртінші электроблогында жарылыс болды. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. Радиоактивті түтін Еуропаның 10-нан аса мемлекетін 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, кем дегенде 5 миллион адам зардап шекті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты деп хабарлаған.

Көзге көрінбейтін бұл тажалды ауыздықтау үшін бүкіл Кеңес Одағына қараған республикалардың азаматтары қатысты. Азаматтар өмір мен өлім арасында жүріп, көзге көрінбейтін қауіпті жау – атом реакциясын тұмшалау үшін мылтықсыз майданды бастан кешірген. Өздерін құрбан ете отырып Чернобыль апатының зардабын жоюға 800 мың адам, соның ішінде 32 мың қазақстандық қатысқан. Оның 800-ден астамы Қызылорда облысынан болған. Чернобыль апатының зардаптарын жоюға біздің өңірден де жерлестеріміз қатысып, ерен ерліктің үлгісін танытқан болатын.

Жақында Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек Украина жеріндегі осыдан 36 жыл бұрын болған Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтармен кездесу өткізіп, ардагерлерге ізгі лебізін жеткізіп құрмет көрсетті.

«Адамзат тарихындағы техногендік апаттың зардабын жоюға қатысқан аудан азаматтарына ерен ерліктеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Отан үшін от кешіп, бауырмалдығы мен ерлікке толы қаһармандық істері жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталады. Өздеріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге береке-бірлік тілеймін», – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек. 

Ең алдымен жиналғандар құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ірі апаттың салдарын жоюға қатысқандарға тағзым етті.

«Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ең алдымен ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жабу туралы тарихи шешім қабылданды. Өйткені Чернобыль апаты бүкіл әлемге атом энергиясының бақылаудан шығып кетсе қандай күйге ұшырайтынын көрсетіп берді. Сонымен қатар бұл қайғылы оқиға өз өмірлерін аямастан апаттың зардабын жоюға атсалысқан адамдардың ерік-жігері мен батырлық үлгісін де таныта алды. Бүгін біз чернобыльдық ерлерді еске алуға жиналып отырмыз. Өздеріңіздің сол кезеңдегі іс-әрекеттеріңіз – бүгінгі жас ұрпақ үшін ерліктің ерен үлгісі», – деді аудан әкімі.

Қармақшы ауданындағы Чернобыль атом электр станциясы апатына 37 жыл толуына орай тағзым ету және құрмет көрсету іс-шарасына арнайы аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және аудан ардагерлері, Ауғанстан және аймақтық соғыс, Тәжік-Ауған, Невада-Семей ардагерлері қатысты.

Тағылымы мол іс-шарада Чернобыль ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, апат зардабынан қаза болған батырлар рухына Құран бағышталды.

Одан соң, іс-шарада алғашқы болып сөз алған Қармақшы ауданының басшысы адамзат тарихындағы қуаттылығы жойқын техногендік апат салдарын жоюға қатысқан жерлестеріміздің ерлігі мен жігері, батырлықтары үшін ризашылығын білдіріп, өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, адамдарды зиянды әсерден және радиацияның одан әрі таралуынан қорғаған азаматтарға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Сондай-ақ, жауынгер ардагерлерге мерекелік медаль мен алғыс хат табыстап, радиация әсерінен қаза болған азаматтардың отбасыларына сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

Іс-шара барысында Қармақшы аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков өздерінің жылы лебіздерін білдірсе, Қармақшы аудандық Чернобыль ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары А.Бисембаев ардагерлер атынан ризашылығын жеткізді.
 

Тағы да оқыңыз: