Kyzylorda-news.kz   Қармақшы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева және аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ләззат Есханова аймақтың бас ұстазының идеясымен бастау алған облыстық «Бір мектеп – бір жоба» байқауына қатысып, үздік деп танылған мектеп директорларын жеке қабылдап, жеңістерімен құттықтады.

Өңірдегі білім беру ұйымдары басшыларының инновациялық және кәсіби тәжірибелерін анықтау, тәжірибе алмасу, білім беру жүйесіндегі өзіндік кәсіби имиджді қалыптастыру мақсатында өткен байқау қорытындысымен Қармақшы ауданы бойынша білім бөліміне қарасты №85 мектептің директоры Шаттық Шыңғысова «Мектеп. Кәсіп. Болашақ» жобасымен марапатталып үздіктер қатарынан көрінсе, №27 мектептің директоры Нұржан Райымов мен №279 мектептің директоры Фарида Аманова жоба барысындағы жетістіктері үшін білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановтың арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Жыл басында аймақ басшысының идеясымен бастау алған аймақтық байқау – бұл мектеп басшылары үшін бабында тұрып, бақ сынайтын, бәсі биік бәйге. Сонымен қатар кәсіби ізденіске мүмкіндік беретін, шыңдалуға, дамуға апаратын дәнекер. Осы орайда жобалық жұмыстарымен ауданымыздан үздік шыққан білім беру ұйымдарының басшылары білім бәсекесінде мектеп ұжымының мықты тірегі- ұйымшылдығы мен бірлігі жарасқан командалық жұмыс нәтижелерін көрсетіп,марапат төрінен көрінді. Сондықтан білім бәсекесінде биік көрсеткіш көрсете білген ауданымыздың ұстаздарын жемісті жетістіктерімен құттықтай отырып, шығармашылық табыстарға жете берулеріне сәттілік тілеймін, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Мажитқызы.

Сондай-ақ, жақсы нәтижеге қол жеткізген жобаға қатысушы мектеп директорларына білім бөлімі басшысының атынан арнайы сый-сияпат көрсетілді.

Тағы да оқыңыз: