Kyzylorda-news.kz. Жастар – елдің басты байлығы. Еліміздің болашағы да жастар, сондықтан оларға үлкен үміт артылады. Қазірде Қармақшы ауданында жастарды жан-жақты дамытуда біршама жұмыстар атқарылып, жастар саясаты, оларды әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау шаралары өз шешімін тауып келеді.
Сәрсенбіде сәтті кездесу болды. Қазақы нақышта киінген жастар Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбекпен «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» тақырыбында еркін форматта жүздесті. Оған кент және ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі мамандары, жас спортшылар, жас кәсіпкерлер, белсенді оқушылар мен еріктілер қатысты.
Аудан басшысы бірінші кезекте жетістікке жеткен жас кәсіпкерлердің көрмесімен танысып, ұлттық ойын – асық пен бес асық ойынын тамашалады. Кездесуді Қармақшы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров жүргізіп отырды. Онда қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, аудан басшысымен еркін түрде пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.
– Жастар – қай кезеңде болсын қоғамның қозғаушы күші, негізгі тірегі болып табылады. Еліміздің өркендеп өсуі өздеріңіз секілді жалынды жастардың белсенділігіне байланысты. 2022 жылы жастардың санаты 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл жастарымыздың мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға қатысуға мол мүмкіндік берді. Биыл ауданымыздан бой көтеретін «Руханият» орталығына жастар орталығы орналасады. Орталық жаңа ғимаратқа көшіп, жастардың жаңа тартылыс ортасы пайда болады, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.
Сондай-ақ іс-шара барысында аудан әкімі ауданның даму жолында қандай мәселелер, алдағы уақытқа қандай идеялар бар екенін сұрап, жастардың ой-пікірлерін тыңдап, еркін тақырыпта әңгіме өрбітті. Сонымен қатар әркез аудан жастарының бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
– Биылғы кездесуді ерекше етіп ұйымдастыруға тырыстық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ұлттық құндылықтарды дәріптеуді қолға алып жатырмыз. Одан бөлек облыс әкімі Н.Нәлібаев биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялап, аймағымызда осы негізде іс-шаралар ұйымдастыруға басымдық беріледі. Соны жастардың арасында патриоттық сезімді қалыптастыру, салт-дәстүрді, ұлттық құндылық пен ұлттық киімді насихаттауға арнап отырмыз, – деді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры.
Жастары белсенді елдің ертеңі – жарқын. Аудан басшысы қоғамның жас өкілдерін барлық салада атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.