Kyzylorda-news.kz. 1 маусым – балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» аудандық  филиалы бала тәрбиесінде айрықша рөл атқаратын, білімнің баспалдағы саналатын балабақша қызметкерлерімен кездесу өткізіп, мерекемен құттықтады. 

«Қазақ тілі қоғамының» белсенді мүшелері, тәрбиешілер мен олардың көмекшілері балабақшада тіл мәртебесін көтеруге байланысты өткізіп жүрген іс-шараларымен бөлісті. Кейбір балабақшаларда арнайы «Қазақ тілі» пәні оқытылып жатқанын айтып қуантты. Тәжірибелі тәрбиешілер Қуанышкүл Желдербаева, Шұға Рахатова, Аманкүл Уатаева, Айнұр Бектұрғанова, Жәмила Байсынова, Жанар Әбдімәлікова, Сәулекүл Жүсіпова, Мейрамкүл Жұбайдаевалар облыстық филиалдың алғыс хатымен марапатталса, Гүлсім Ідірісова, Ләззат Амантаева, Қарашаш Ұзақовалар аудандық филиалдың Алғыс хаты мен сыйлығына ие болды. 

«Қазақ тілі қоғамы» аудандық  филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева балабақша қызметкерлерінің ізденіс пен жауапты жұмыстарын тиек етіп, болашағымыз, өміріміздің жалғасы болар бала тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ете берулерін тіледі. Сондай-ақ, кездесуге филиалдың алқа мүшесі, кеше ғана Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық оқытушылар байқауынан бас жүлдемен оралған мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова қатысып, балабақша қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Тіліміздің тұғырын биікке көтеретін тіл жанашырларымен бірлесіп алдағы уақытта түрлі іс-шаралар ұйымдастыра берейік, деген пікірін білдірді.

Тағы да оқыңыз: