Kyzylorda-news.kz Халқымыз «Ер – елінің қорғаны» десе, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген сөздері ел намысын өз тағдырынан әрқашан жоғары қойды. Отан үшін оққа кеудесін тосқан батыр бабаларымыздың ерлігін ұмытпау, бүгінгі бейбіт өмірді ұрпаққа аманат ету біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда  Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлы тыл ардагерлерінің шаңырағына барып, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, алғаусыз алғысын жеткізді.  

Ең алдымен, аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылындағы 94 жастағы тыл ардагері Әмзегүл Жақыпованың шаңырағында болды. Аудан әкімі сұрапыл соғыс кезінде «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деген ұранмен таң сәріден, кеш батқанға дейін қажырлы еңбек етіп, соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қайсарлықпен көтерген тыл еңбеккеріне ізгі лебізін білдіріп, сый-сияпатын табыстады.

Одан соң, Жосалы кентіндегі 98 жастағы тыл ардагері Алмагүл Кенбаева мен 90 жастағы Сәду Сәрсенұлының отбасыларына барып, мерейлі мерекемен құттықтап, алғысын білдірді. 

Аудан әкімі бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлерді мерекемен құттықтап, құрмет көрсетіп, алдағы уақытта ұрпақтарының қызығын көруін тіледі.
Үлкенін құрметтеп, ізгілік жолымен келе жатқан ел ісіндегі азаматтарға ардагерлер ризашылықтарын жеткізіп, ақ батасын берді.
 

Тағы да оқыңыз: