Kyzylorda-news.kz. Санаулы күннен кейін 11-сынып оқушылары тарыдай болып кірген алтын ұяларымен, білім мен тәрбие беріп таудай қылған аяулы ұстаздарымен қоштасып, жауапкершілікті өмірдің алғашқы баспалдағына қадам басады. Барлығының дәл қазіргі арманы бір. Ол ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, қалаған мамандығын меңгеруге кірісу. Өмірде қателеспеу қажет екі нәрсе болса, соның бірі мамандық таңдау. Ол сенің өмір бойы айналысатын жұмысың. Мектеп қабырғасында мамандық таңдауға кеңес, бағыт-бағдар беретін іс-шаралар мен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Бірер күн бұрын Қармқшы аудандық білім бөлімі №26 орта мектепте білім, спорт додаларында топ жарып, аудан абыройын асқақтатып жүрген дарынды жас түлектердің аудан әкімі Жандос Еркінбекұлымен еркін форматта кездесуін өткізді.
Әкім әңгімені өзі жайында бастады. Отбасы, ата-анасының тәрбиесі, оқыған мектебі, мамандығы туралы айтты. Оқушылар тарапынан қызықты сұрақтар қойылды. Мектептегі сәттерін айтып беруін өтінді. Бос уақытта немен айналысатыны, әкімнің демалысы қалай өтетіні түлектерге қызық болды. Сүйіп тыңдайтын әнінің бірін №279 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұржан Абдіразақов гитарамен орындап берді. Жастық шақты еске түсіретін бұл әннен кейін мектептегі достары туралы сұрақ қойылды. Аудан әкімінің қарапайымдылығы, боямасыз болмысы, шынайы өмірі, ашылып айтқан әңгімелері түлектерге ерекше әсер етті. Олар әкіммен емес өз ағаларымен емін еркін әңгімелесіп отырған күйге түссе, Жандос Еркінбекұлы да бала кезін, мектептегі албырт шағын ойға оралтып, езуіне күлкі үйіріліп, жасарып қалды. «Қандай қызмет етсең де, кім болсаң да анаң үшін әрқашан бала екеніңді ұмытпа, ата-ана үмітін ақтайтын адал азамат бол, өз өзіңе талап қоя біл, білім алудан аянба, туған жерге пайдам тиетін қызмет қылам деген мақсаттан айныма» деген кеңесі түлектерге жігер берді, қанаттандырды. «Өз туған жерінде қызмет ету әр ер азамат үшін үлкен абырой мен міндет. Осындай жауапкершілікті жұмысты жүргізуге мүмкіндік берген, маған сенім артқан басшыларға алғысым шексіз» деді туған жерінде қызмет ету бақыты бұйырған әкім мақтаныш сезіммен.
Жандос Еркінбекұлы ауданға келгелі біраз жаңа нысандар ашылды. Кәсіпкерлік алға жылжыды. Жолдар жөнделіп, көшелер абаттанды. Отбасын қолдау орталығы, денешынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Кездесуде Руханият орталығы бой көтеретінін, екі тірек мектеп салынатынын, жастарға жақсы мүмкіндіктер қарастырылатынын айтып қуантып қойды. Иә аудан әкімінің әрбір жұмысынан туған жерін гүлдентуге деген жанашырлықты аңғарамыз.
Кездесуде тек әңгіме емес, ән де айтылды. Оқушылар әкіммен «Түрлі арман» әнін қосыла шырқады. Кездесу соңында Жандос Еркінбекұлы «Қадірменді іні-қарындастарым! Бүгінгі кездесуде оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді, шығармашыл, спортшы оқушылармен кездескеніме қуаныштымын. Өздеріңізге мәлім, мемлекет тарапынан сіздердің сапалы білім алуларыңызға барлық жағдай жасалып жатыр. Мемлекет басшысы білім саласына қашан да ерекше назар аударып келеді. Осының барлығы Сіздердің келешекте бәсекеге қабілетті білікті маман болып қалыптасу үшін жасалып жатқан шаралар. Осы ретте, білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына және өз уақытын басқаруға, салауатты өмір салтын ұстанып, шығармашылықпен айналысып үнемі өзін-өзі дамытуға үйренген үздіктерге алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта тек жақсы жетістіктер мен жоғарғы көрсеткіштермен қуанта беріңіздер. Мен Сіздерге жоғары білімді азамат, білікті маман болып, болашақта ауданымыздың өркендеуіне лайықты үлес қосады деген сенімдемін. Болашақтарың жарқын, алар асуларың көп болсын» деген тілегі мен кеңесін жеткізді. Кездесуге қатысқан дарынды түлектерге өзінің арнайы алғысы мен тілек жазып, қолтаңбасы қойылған құнды кітап сыйға тартты. Түлектермен естелік суретке түсті. Бұл жас түлектерді жігерлендірген жиын болды.