Kyzylorda-news.kz. Аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай «Сіздер үшін, махаббатпен» тақырыбында мерекелік кеш өтті.
Салтанатты кеште мейірімділік пен сұлулықтың, даналық пен рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні қармақшылық аяулы аналар мен қызкеліншектер ерекше құрметке бөленді. Сондай-ақ мерекелік кеште нәзікжанды әйел қауымының мерейі еселене түскендей. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
Мерекеге орай алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Жандос Еркінбек алып, әйелдер қауымын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.
«Сіздерді жыл басы көктеммен бірге келген айшықты мереке – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әйел-ана – әдеміліктің символы, әлемнің тірегі. Сіздер бұл өмірге тек ізгілік пен жылылық, мейірім мен шуақ сыйлаушы жандар ғана емес, тіршілік атаулының ең асыл, абзалы деген құрметке лайықсыздар. Осы мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаттық тілеймін» деді ол.
Жиын барасында түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен аналар, қыз-келіншектер аудан әкімінің алғыс хаты табысталып, кеш соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне жалғасты.
