Kyzylorda-news.kz Биылғы Наурыз мерекесінің бұған дейінгілеріне қарағанда республикада ерекше аталып өтілгені баршаға аян. Мемлекет басшысының бастамасымен Амал мерекесінен бастау алған Ұлыс он күнге созылып, оның негізінде көптеген ұлттық дәстүріміз бен салтымыз, әдет-ғұрыпымыз кең көлемде насихатталды. Осы орайда ертеде жыл басын ата-бабамыз тоғыз күн тойласа, сол атадан балаға мирас болып келе жатқан ежелгі құндылығымыз қайта көрініс тауып, жаңаша жаңғырды деуге толық негіз бар.

Осыған сәйкес «Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні ұлттық экологиялық науқанға арналды. Тазару күні – азаматтарға қоршаған ортаны қорғау туралы түсінікті кең таратып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді.

23-наурыз күні Қармақшы ауданындағы Жастар саябағында өткізілген ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мерекеов пен аудан тұрғындары белсенді қатысты.

Аудан басшысы Ж.Еркінбек өзінің сөзінде аудан тұрындарын экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуға шақырып, игі істерге жұмыла ат салысуға үндеді. Сондай-ақ, жасыл желектерді сақтап, табиғатты аялау шаралары тағылымы мен тәрбиесі жоғары жұмыстың бірі екенін жеткізді.

Табиғат тазалығын сақтауды үндеген акцияда жиналған жұртшылық жұмыла ағаш отырғызып, ардагерлер бата беріп, ізгі тілектерін білдірді.

Тағы да оқыңыз: