Kyzylorda-news.kz Ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың алтын діңгегі - отбасы. Берік қоғамның негізі ретінде бұл ұғым 1993 жылдан бастап 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні ретінде ресми түрде атап өтіліп келеді.
Осыған орай бүгін Қармақшы ауданындағы «Руханият» орталығында аудан әкімінің тапсырмасымен «Бір шаңырақ астындағы шексіз махаббат» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды.
Отбасы құндылықтарын дәріптеп, жанұя институтының қоғамдағы маңызын насихаттау мақсатында өткізілген тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы қатысып, айтулы мерекеге орай ізгі тілегін білдірді.
Сондай-ақ мереке аясында ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрген өнегелі отбасылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Мерекелік шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков жылы лебізін білдіріп, бірлік пен ұрпақ тәрбиесінің маңызын атап өтті.
Татулық пен сыйластықты ту етіп, жас ұрпаққа өнеге болған - «Гаухар той» иегерлері де бүгінгі күннің маңыздылығын айтып, көрсетілген құрметке өз алғыстарын білдірді.
Отбасы құндылықтарын ұлықтаған берекелі басқосуда ән мен жырдан шашу шашылып, аудан өнерпаздары тағылымды кешке ерекше көңіл-күй сыйлады.
