Kyzylorda-news.kz Сенбіде Қармақшы аудандық орталықтандырылған кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде «Тұмар» баспасынан жарық көрген әлі сиясы кеппеген «Қармақшы: Мәуліт аманат» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Оған аудан ардагерлері, арнайы шақырылған қонақтар, кітаптың шығуына үлес қосқан азаматтар, жастар және кітапхана қызметкерлері қатысты. 

Рәсімді қармақшылық әрі кітапты құрастырушы Қызылорда қаласындағы №212 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Гүлшара Амангелдіқызы жүргізіп, басқосудың мақсатын түсіндірді. 

Іс-шарада қатысушылар кітапқа және аудандағы Мәуліт мерекесінің кең көлемде қалай аталып өтіліп басталғаны туралы ойларын ортаға салып, қызықты әңгіме өрбітті. 
Мерекені атап өтудің алғашқы идея авторы сол кезде аудан әкімінің орынбасары (аудан әкімі Биғали Қаюпов) Ерлан Қалиев болған. Оның айтуынша, ол кезде халықтық қай шаруа да аудандағы мекемелермен атқарылатын болған. Бұл біршама қиындық тудырса керек. Ел ағаларымен ақылдаса келе, «Көппен көрген ұлы іс» демекші,  Е.Піртазаұлы күллі мұсылманның мерейлі мерекесіне айналған Мәулітті ауданымыздың 1960 жылы туған азаматтарына және Ораза, Құрбан айт мерекелерін атап өтуді елдің сыйлы, құрметті ағаларына ұсыныс ретінде айтады. Олар да ұсынысты қабыл алып, соның нәтижесінде топыраққа түскен бір түйір дән қазіргі кезде мыңдап өсіп, атаулы мерекелерді атап өту ауданымызда бұқаралық сипат алған. 

– Біз алғашқылардың бірі болып Мәуліт мерекесін ұйымдастыра бастағанымызда ол жылдары басқа аудандарда мәуліт атап өтіп жатыр дегенді естімейтінбіз. Есімде, мәденеиет үйіне халық көп жиналып, облыстың бас имамы немесе найб имамы келіп, сахнаға шығып, уағыз айтып, мәуліттің не екенін түсіндірді. Содан кейін «Қармақшы» мейрамханасында үлкен кісілерге ас бердік. Бірінші қабатта тұрмысы төмен отбасыларына арнап дастархан дайындадық, әрбіріне сыйлық ұйымдастырдық. Келесі жылы әркім әртүрлі етіп өткізе бастады. Қармақшы қорымының айналасын қоршатты. Мұқтаж жандарға қаржылай көмек берді, қыстақтың жетіспей тұрған, дұрыс қамтылмай тұрған жағдайларын дамыту ісіне үлес қосты.
Мәулітті алғашқы ұйымдастырушылардың қатарында Сұлу Досниязова, Алтынбек Демесінов, Аманбай Асқаров, Жомарт Жалғасбаев, Мағауия Әлиев, тағы басқалары болды. Бастапқы жылдары ұйымдастырушылар сәл қиналғанымен, жылдар өте келе халық та бірте-бірте түсінді. Содан кейін мәуліт өткізушілер мынау деген керемет нәрсе екен деп қуанып айтып жүрді. Қаншама жылдар бойы бірін-бірі көрмеген адамдар бір-бірімен қауышып, кездесіп, ауызбіршілігін көрсетті, – деп  сол уақыттағы жайттарды еске алды Ерлан ағамыз.  

Іс-шарада ауданға танымал азаматтар Ерлан Қалиев пен Алтынбек Демесінов көпшілікке құттықтау сөз арнап, кітаптың лентасын қиды.

Кітапта ауданымыздың 1960-1975 жылдар аралығында туған азаматтардың 15 жыл көлемінде адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбарымыздың туған күнінің құрметіне өткізіп келе жатқан шарапаты мол мерекенің жарқын естеліктері жинақталған. Жинақ «Қармақшы топырағынан нәр алып», «Мәуліттің аманатын арқаладық», «Қармақшылықтардың Мәуліт мерекесін тойлауы – мерзімді басылымдарда» және «Фотосуреттер» деп аталатын бірнеше бөлімнен тұрады. Мерекенің құрметіне жасалған қайырымдылық іс-шараларының бейнетаспасын заманауи үлгіде QR код арқылы да көруге болады.  

– Болашақ еліміздің көркеюі жолындағы аға-апаларымыздың еткен еңбектерінің өтеуі болсын деген мақсатпен Мәуліт жайында кітап шығаруды жөн санадық. Өнегелі істерін үлгі тұтып, мақтанышпен кейінгі ұрпаққа жеткізу басты мұратымыз болды. 15 жыл аз уақыт емес, әрине. Қазір Мәуліт 1975 жылы туған жігіттер мен қыздарға жетті. Одан кейін де жалғаса бермек. Амандық болса, аға буынның істеген істерін әрі қарай жалғастырмақпыз. Ұмытылмас ізгі естеліктеріміз мол болсын, – дейді кітап құрастырушысы Гүлшара Амангелдіқызы бізбен әңгімесінде.  

Рухани қазына өмірдің мәнін мейірімнен іздеген, жүрек жылуын бағалайтын барша оқырманға арналып отыр. Онда мына бір жазу жолдары еріксіз назар аудартады. 

«2011 жылы Қызылорда облысына бас имам болып келгенімде керемет бастамаға тәнті болдым. Бұл Қармақшы ауданында 1960 жылы туған аға-апаларымыздың қайырымдылық іс-шараларына ұйытқы болуымен басталған және күні бүгінге дейін үзілмей дәстүрлі түрде Мәуліт мерекесінің тойлануы болатын. Мәуліт айында қайырымдылық іс-шараларын өткізу, халыққа көмектесу, Құран жарыс ұйымдастыру, Пайғамбарымызға салауат айту, көпшілікті шақырып, дастархан жайып ас беру, дүниеден өткен бауырларға бағыштап Құран оқыту деген ізгі іс-шаралар арқылы көрініс табатын бұл игі бастаманы керемет деп бағалаймын
Күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан бұл дәстүр жөнінде 2023 жылы Мәуліт мерекесін өткізген 1975 жылы туған азаматтардың бастамасымен ізгілік пен игілікті дәріптеп, арнайы кітап басып шығаруы қуанышты жағдай деп есептеймін» деп жазады сол кездегі облыс имамы болған Талғат Омаров «Керемет бастаманың куәсі болдым» тақырыбымен жарық көрген мақаласында.

Салтанатты рәсімде еңбек ардагері Фазила Ниязова, ардагер-ұстаздар Көптілеу Қазақбаева, Ұлмекен Ақшолақова және Арзабек Оразалиев, аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниевалар игі тілектерін жеткізсе, Әбдікәрім Бегалиев батасын берді. 

Басқосуда Қызылорда қаласындағы №212 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Ақберен Темірбек жиналған қауымды әдемі билерімен тәнті етсе, Гүлшара Амангелдіқызы өз қолынан жасаған бұйымын келушілерге сыйлыққа тапсырды, сондай-ақ қазақы дәстүрмен дастарханнан дәм татқызды.  
Жалпы кітаптың жарық көруіне Орынбасар Өтепбергенов, Қайрат Қалабеков, тағы басқа да жанашыр азаматтар атсалысқан.
 

Тағы да оқыңыз: