Kyzylorda-news.kz  Жаз – демалыс маусымы. Дәл осы уақытта балалар мектепті бітіреді, ата-аналар еңбек демалысына шығады. Бұл – бойды да, ойды да жазып, сергитін шақ. Қалағаныңызша қыдыруға, жеміс-жидек пен көкөністі тояттап жеуге, күнге қыздырынуға болады. Ал суға түсу жайлы әңгіме тіптен бөлек. Жаз басталса көкжиектен күн шыға салысымен өзен-көлді жағалап, салқын суға шомылуды жөн көреміз. Өзімізді жайлы сезіну үшін шомылып тұру керек-ақ. Десе де, қауіпсіздікті сақтамаудың кесірінен көп адам судың құрбанына айналуда.

«Су – тіршілік көзі болғанымен, әрі тілсіз жау» екенін қаперден шығарып аламыз кей тұста. Оқыс оқиғалардың дені адамдардың салғырттығынан, тыйым салынған қауіпті аймақта шомылуы мен ішімдік ішіп масаң күйде суға түсуі кездерінде орын алып жатады. Сондай-ақ ата-ана балаларын қараусыз қалдыруы әсерінен туындаған жағдай да анықталып отыр.

Жыл сайын суға түсу маусымы басталғаннан бастап өкінішке орай өлім жағдайлары тіркеледі. Құтқарушылар үнемі суда жүзу ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертсе де, ескертуге құлақ түретіндер сирек.
Мамандар жағадан алыс жүзбеу, ескерту белгілерінен әрі өтпеу, арнайы белгіленген жерлерде ғана шомылу, балаларға сақ болу, суда алысып, күресіп ойнамау секілді қарапайым ескертпелерді жасағанымен, суға кетіп жатқан жандардың саны азаяр емес.

Осы орайда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында армақшы аудандық білім бөліміне қарасты мектептер бойынша су айдындары мен дария жағалауларында мектеп қызметкерлерінен жасақталған кезекшілік кестеге сәйкес рейдтер жүргізіліп келеді.

 – Біздің мақсатымыз – жаз мезгілінде су айдындарындағы адам өлімінің алдын алу. Осы мақсатта аудандық төтенше жағдайлар бөліміполиция қызметкерлерімен бірлескен күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді, – дейді қармақшы аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандары.

Тағы да оқыңыз: