Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай өзінің іс-қимыл бағдарламасы аясында  өңірде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарында болды. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Ақай ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің нысаны құрылыс жұмысының барысымен танысты.

Ол  бүгінгі күнге дейін нысан бойынша атқарылған жұмыстарға қанығып, мердігер мекеме басшылығына құрылыс жұмысын жүргізуде  орын алған кемшілікті жоюды, жылыту жүйесіне қажетті толықтыру енгізе отырып, ауыл тұрғындарының тезірек спортпен шұғылдануына жұмыс жасап, кешенді ел игілігіне пайдалануға беруді тапсырды.

Келесі кезекте Қайрат Ырзақұлұлы Төретам кентінде аялдап, тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Жұмыстармен танысу барысында ол  өзімен бірге құрылыс жұмыстарын бақылаған жергілікті тұрғындардың көптен  көкейінде жүрген мәселелер бойынша пікірлерін зерделеп, мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатқанын, жұмысшылардың жеткіліксіз екенін тілге тиек етіп, кемшілікті түзеуді қатаң тапсырды.

Ал, өз кезегінде кенттегі газдандыру жұмысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдері қарқынды жұмыс жүргізіп, жоспарланған жұмысты уақытылы аяқтайтынын жеткізді.Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай екі құрылыс нысаны бойынша мердігер мекемелер басшыларына жұмыстың уақытылы әрі сапалы жүргізілуін ескертіп, жауапты мекеме басшыларына оны күнделікті қадағалауды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: