Kyzylorda-news.kz. Біздің  алдымыздағы ең басты мақсат – балаларымызға сапалы білім беру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға міндеттіміз.  Бала қауіпсіздігі мәселесінің маңызы зор. Әр ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім - білігі мол саналы ұрпақ болғанын қалайды. Ол үшін мектептегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмейтіндей болуы қажет.

Осы орайда кеше кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Өмірбек Сақтабаевтар Жосалы кентіндегі білім беру ұйымдарын аралап, жоғары сынып оқушыларымен кездесті.

Кездесулер барысында оқу жылы аяқталуына байланысты жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау, топтық төбелес, суицидтің, кибербуллинг, лудомания, нашақорлықтың алдын алу, түнгі уақытта жалғыз жүру, әлеуметтік желідегі теріс ақпараттардың жастардың дамуына кері әсерін тигізу және тағы басқа өзекті мәселелер бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде құқық бұзушылық жасаудан және құқық бұзушылық құрбаны болудан сақтану, жазғы суға шомылу маусымы кезінде барлық сақтық шараларын қатаң ұстану қажет екендігі және тек рұқсат етілген орындарда ғана ата-аналарымен түсу қажеттілігі айтылды.
 

Тағы да оқыңыз: