Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес аудан әкімі мен ауылдық округтер әкімдерінің жергілікті тұрғындарға есеп беру жиындары жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін аудандағы 12 ауылдық округ пен 2 кенттің жетеуінде есеп берген аудан әкімі Жандос Еркінбек, кезекті жиынын Ақжар және Ақтөбе ауылдық округтерінде жалғастырды.
Аталған ауылдық округтерде соңғы уақытта ауқымды жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Атап айтқанда, Ақжар ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында А.Құнанбаев көшесіне жаңа құрылыс жұмыстары 2024 жылдың маусым айында басталды. Құрылыс жұмыстарын «Әлем Жол Транс» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Құрылысқа бөлінген қаржы көлемі – 194,7 млн теңге.
Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов, Р.Жиенбаев және С.Сейфуллин көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бекітілген мердігер компания толықтай аяқтады. Жобаның жалпы құны – 193,6 млн теңге.
Бұдан бөлек, Ақжар ауылындағы маңызды нысандардың бірі- Ораз ахун көшесінің жанында орналасқан спорт алаңы. Ағымдағы жөндеуден өткен бұл алаңға аудандық бюджеттен 10,3 млн теңге бөлініп, бүгінде тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.
Ақтөбе ауылында да жол жөндеу және абаттандыру бағытындағы бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ы. Сейтенов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 28,9 млн теңге көлемінде қаражат игерілді. Сонымен қатар, Н.Сералиев көшесін абаттандыруға жалпы құны- 39,8 млн теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда жоба мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған.
Екі округте де мәдениет пен өнер саласын дамыту назардан тыс қалмаған. Ақжар ауылында Рүстембек жырау үйірмесінің жетекшісі Б.Хасеновтің шәкірті Талант Балтабай облыстық «Бозторғай» балалар конкурсының және республикалық балалар фестивалінің Гран-при жүлдесіне ие болды.
Ал Ақтөбе елдімекенінде мәдени нысандарды техникалық жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі, 2025-жылдың алты айында атқарылған жұмыстар барысында ауылдық клуб үйіне құны 5,0 млн тг тұратын LED экран , және құны 5,5 млн тг тұратын музыкалық құрылғылар сатып алынды.
Межелі міндеттерді саралап, есепті кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Жандос Еркінбек биыл да жетістіктердің еселенетіндігіне сенім білдірді.