Kyzylorda-news.kz. Өзге өңірлер секілді Қармақшы ауданында да экономиканың даму жолында атқарылып жатқан игі істері көп. Алға қойылған жоспарлар жыл өткен сайын кезең кезеңімен қарқын алып келеді. Мәселен, жаңа ғимараттар, балалар ойын алаңы, көгілдір отын, жарық секілді мәселелер шешімін табуда. Биыл жыл басталғалы билік басындағылар елді мекендерді, кент ішін аралап осы кезге дейін орындалған біршама істің жайын көріп жүр. Әрі биыл атқарылуға тиіс жұмыстардың барысын да назардан тыс қалдырмауда.
Жосалы кентінде темір жолдың арғы бетінде орналасқан Н.Айсауытов көшесінің бойындағы 10/04 кв №220 және Ж.Жомартов көшесіндегі 10/04 кв №112 қосалқы стансасы қосалқы стансалар кезінде зауыттың балансында болған деседі. Сырты қыштан өрілген шағын ғимарат ішінде орналасқан. Кейін мекеме тараған соң қосалқы стансалар иесіз қалған. Ғимарат көнеріп, жауын-шашынның әсерінен сырты үгітіліп, төбелері тесіліп, ішіне су өткен. Былтыр облыстық энергетика басқармасы балансына қабылдап алып, аудандық электр торабына өткізген. Сонымен қатар, Т.Көмекбаев, Т.Ізтілеуов көшесіндегі 10/04 кВ бойынша №8, №9 қосалқы стансалар және «Самара-Шымкент» автожолы бойында орналасқан 10 кВ «Жосалы» орталық тарату пунктінің жағдайы төмен. Қолайсыз ауа райының қатты әсерін көтермейді. Осыдан кейін кент ішінде жарықтың жиі сөнуі орын алуда. Осыған орай аудандық электр тарату торабы осы қосалқы стансаларды жаңасына ауыстыруға ұсыныс беріп отыр. Тұрғындар үшін өте қажетті жарық, су, жылудың үздіксіз берілу керек, бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін электр желілері мен қосалқы стансаларды ауыстыруға бюджеттен мүмкіндік қаралмақ. Сондай-ақ облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныстар берілген.
Қармақшы ауылындағы бөгеу жұмысы жүргізілген «Қожатай» су тоспасында көптен бері шешімін таппай жүрген су тоспасының қалыпқа келуі мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларды қуантуда. Себебі «Қожатай» су тоспасын бөгеу арқылы Жосалы кенті, Қармақшы ауылы және Қызылтам елді мекенінде мал шаруашылығымен қатар, балық шаруашылығын дамытуға оң әсерін тигізбек. Одан бөлек, су деңгейі көтерілсе, Қараөзек ағысының оң жағындағы «Жұмағұл» каналының бойындағы 15 шақты көлді толтыруға, 5 мың гектардан аса жайылымдық пен шабындық жерлерді суландыруға мол мүмкіндік бар.
Мал шаруашылығын дамытумен қатар кәсіпкерліктің игілігін көріп отырған «Ауылым – Абыла» шаруа қожалығының төрайымы, жеке кәсіпкер Шырынкүл Күзембаеваның жайылымдық жері бар. 2018 жылы Сырдың суы арнасынан тасып, тасыған су жайылымдық жерлерге жайылған-ды. Одан кейін бес жыл бойы дарияның деңгейі көтерілмей ол жерге су бармай шыққан көк қурап қалды. Малының аузы көкке жарымай біраз қиыншылық көрген жеке кәсіпкер талай жиында мәселе етіп көтерді. Биыл Сырдарияға су мол келіп, жайылымдық жерлерге су жайылып жатыр.
Былтыр жыл аяғында Қорқыт стансасында және Жосалы кентіндегі Д.Мырзағалиева көшесінің бойында балаларға арнап ойын алаңы салынған. Е.Сексенбаев көшесіндегі абаттандырылған саябақтың жай-күйі бақылауда. Сонымен қатар жүріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің де құрылысы қарқынды. Мердігерлерге жұмыс сапасын талапқа сай жүргізілуі міндеттеліп отыр. «Сарыөзек» көлінде 2019 жылдан бері су тартылып, жайылымдық жерлерге су бармаған. Қазір енді Сырдариядан су келіп, көлдің 50 пайызы сулануда. Әлі де су көтерілсе жайылымдық жерлерді толтырып алуға мүмкіндік бар.
Өзге ұлт өкілдері шоғырланған ІІІ Интернационал ауылының әкімі Нұрлыбек Сайымовтың айтуынша, ауылдық округте тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 124 болса, оның жұмыс істеп тұрғаны – 96,8 пайыз. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім жоғары. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 5 жоба 94,5 млн теңгеге несиелендіріліп, «Ұлттық жоба» аясында 16 жұмыссыз азамат 19,6 млн теңгенің грантын ұтып алды. Былтыр облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес агро аймақ үшін 30 гектар жер ашылып, тұрғындарға егін егуге берілді. Нәтижесінде 107 отбасы 6 гектар жерге картоп, 5 гектарға көкөніс, 19 гектар жерге бақша өнімдерін екті. Биыл да бақша өнімдерін егу жұмыстарын 48 гектарға ұлғайту жоспарда бар екен.
Қармақшы ауданын электрмен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналған. Тозығы жеткен электр желілері ауа райының қолайсыздығына шыдас бермейді. Осылайша ауылдық жерлерде де жарықтың жиі сөнуі орын алуда. Биыл осы мәселе қолға алынып, аудандық бюджеттен қаржы бөлінбек. Жоба-сметалық құжаттары әзірленсе тез арада жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылда көптен күткен спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Одан бөлек, Астана көшесі күрделі жөндеуден өтетін болады. Аудан басшысы да осы айтылған құрылыс жұмыстары дұрыс әрі сапалы орындалуы үшін ауыл тұрғындарын ауызбіршілікте бірге жұмыс істеуге шақырып жүр.
Жаңажол ауылдық округіндегі шаруашылықтың демеуімен балалар ойын алаңы салынып, ел игілігіне берілген. Ауылды көркейту-көгалдандыру, тазалық сақтау басты орынға қойылса, осыған сай әр көшеге қоқыс тастайтын контейнерлер орнатылған. Қармақшы ауданының басшысы Жандос Еркінбек оң өзгерістер мен алдағы атқарылар ауқымды бастамаларға тоқталып, ауылдың жағдайы және халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтеру мәселесі үнемі назарда екенін жеткізді. Соның бірі – биыл елді мекенде ауылдық амбулатория мен спорт кешенінің құрылысы жүргізілетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Ә.Мәжібаев, К.Қошқаров, Қ.Нұрлыбеков, О.Шегебаева, К.Нұрпейсов көшелері жарықтандырылмақ. Газдандыру мәселесі бойынша былтыр Төретам кенті мен Ақай ауылында газ тарту жұмысы жүргізілсе, биыл Дүр Оңғар ауылын газдандыруға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, келер жылы газ құбырын жүргізу жоспарланып отыр. Тұрғындардың тілегі де бір, ол жұмыссыздық, көшедегі электр бағаналарын жаңарту, малдың қауіпсіздігі үшін жолға қоршаулар орнату мәселелері.
Ал Ақтөбе ауылының даму динамикасында өсім бар. Мал санын арттыру бойынша өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 5 пайыз өскен. Мүйізді ірі қара саны – 1883, қой – 1911, ешкі – 3092, жылқы – 1627, түйе – 93, құс – 2006. Ауылдағы төрт көше құжаттандырылып, орталық саябақ және Кеңсе көшесіне бейнебақылау камерасы орнатылған. Биыл ауыл жағдайын көтеру мақсатында Т.Салқынбайұлы көшесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, электр мәселесі шешілмек. Алдағы уақытта мұндай жұмыстардың атқарылуы кезең кезеңімен жүргізіледі.
Қармақшы ауданының орталығынан шалғай орналасқан Т.Көмекбаев және Қуаңдария ауылында да өңір экономикасын нығайту, тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмыстық деңгейін жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар көп. Биыл Т.Көмекбаев және Қуаңдария ауылдық округтерінде электр энергиясының инфрақұрылым жүйесін қайта жаңғырмақ. Бүгінде демеушілер тарапынан жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Сондай-ақ, ағымдағы жылы аталған елді мекендерді облыс және аудан орталықтарымен байланыстыратын «Самара-Шымкент-АқжарТұрмағамбет-Көмекбаев» аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу және Қуаңдария ауылындағы Ерімбет және Бейбітшілік көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Т.Көмекбаев ауылдық округінде құрылысы жүріп жатқан су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жұмысы қарқынды. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, халық игілігіне пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Алдашбай ахун, Дауылкөл, Ақжар ауылдық округтерінде де атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Биыл аталған елді мекендерді облыс және аудан орталықтарымен байланыстыратын «СамараШымкент-Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары басталмақ. Бұдан бөлек, Тұрмағамбет ауылындағы Т.Ізтілеуов, Н.Жанаев, У.Байменов, Қарақисық Қосұлы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Ақжар ауылындағы Ж.Жабаев көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Жақында өткен Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінде кент тұрғындарымен өткізген басқосуда алдымен Жосалы кенті әкімі Шыңғыс Әбділәмитұлының өткен жылы Жосалы атқарылған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалған болатын. Одан соң, аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы аудан бойынша былтыр өңір экономикасын нығайту, тұрғындар әлеуетін арттыру мақсатында жүзеге асқан іргелі істерді баяндап, осы жылғы жоспарлар жайында сөз қозғаған еді. Биыл мемлекеттік «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жосалы кентінің 15 көшесіне асфальт төселеді. Өткен жылы Амангелді көшесінде басталған орташа жөндеу және абаттандыру жұмыстары биыл аяқталады. «Тәуелсіздік» ықшам ауданында орналасқан тұрғын үйлерге газ желілері тартыла бастады. Жосалы кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінің, «Шипагер» емханасының, №21 «Тоғжан» бөбекжай балабақшасының бу қазандықтары табиғи газға ауыстырылады. Жосалы кенті әкімі аппараты мен аудан орталығындағы кітапхана ғимараттарына, аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілетін болады. «Жосалы кентінде теміржол арқылы тірек қабырғалары бар жол өтпесінің құрылысы жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу» жобасына техникалық-экономикалық негіздеме құжатын әзірлеу үшін тиісті қаржысы қаралды. Одан бөлек, Жосалы кенті бойынша 19 көше жарықтандырылады. Көше жарықтарын күтіп ұстау үшін қажетті қаржы аудандық бюджеттен бөлінді. Жосалы кентіндегі жасыл желек, саябақ, демалыс бақтары аумақтарын сумен қамтамасыз ету мақсатында 4 жерге техникалық су ұңғымасын бұрғылау жүргізілетін болады. Кенттегі саябақтарды ағымдағы жөндеу және Жастар саябағына тал егу жұмыстары жүргізілетінін және көптің тілеуі орындалып, аудандық орталық ауруханаға компьютерлік томография аппараты сатып алынғанын жеткізді.
