Kyzylorda-news.kz. Мамыр айы мерекеге толы. Туған елі, жері үшін оның азаттығы жолында ер азаматтардың еңбегі ерекше. Осы айтулы мереке қарсаңында аудан әкімі Жандос Еркінбек аудандық мәслихат төрағасы және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасымен бірге Вьетнам соғысының ардагері Иса Бисеновтің отбасында болып айтулы мерекелермен құттықтады.
Ардагердің шаңырағында болған аудан әкімі «Жеңіс символы» лентасын ардагер омырауына тағып, құттықтау хат берді. Мұнан соң сый-сияпат табыстап, ізгі лебізін білдірді. Иса Бисенов 1942 жылы туған. Вьетнам елінің басынан өткен тағдырлы кезеңдерінде әскери қызметте болып, Отан алдындағы борышын адал атқарып, үлкен беделге ие болған ардагер.Өзінің кәсіби біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесінің арқасында ауданның денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет атқарып, қазіргі таңда бейнеттің зейнетін көріп отырған ардақты әке, ойып алар өзіндік орны бар құрметті қария.Кездесуде ардагеріміз аудан әкіміне және бірге құттықтап келген азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарып жатқан қызметтеріне абырой тілеп, ақ батасын берді.
