Kyzylorda-news.kz. Жақында Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбек Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан аудан азаматтарын қабылдап, құрмет көрсетті.

Оған Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарға қатысушы жерлестеріміз, аудандық мәслихат төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Қабылдауда аудан басшысы Тәжік-Ауған шебінде бітімгершілік міндеттерін адал атқарып, көрсеткен ерен ерліктері үшін алғысын айта келе, ардагерлерге «Тәжік-Ауған шекарасындағы қызметі үшін» мерекелік медалі мен алғыс хаттар тапсырып, сый-құрмет көрсетті.

Салтанатты қабылдау барысында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.

Содан соң сөз алған Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанболат Қосқожаев осындай тағылымды іс-шараны ұйымдастырған аудан әкімдігіне алғаусыз алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Қабылдау соңында аудандық Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары іс-шараға қатысушыларға ән мен шашу шашып, жырдан көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Тағы да оқыңыз: