Kyzylorda-news.kz Биылғы көктемде табиғаттың тосын мінезімен бетпе-бет келіп жатырмыз. Еліміздің біренше өңірін су басып қалды. Қауіп өңірімізге төнбесе де, елдің өзге аймағындағы ахуал бәрібір бізді алаңдатпай қоймады.
Бүгінде Сырдария өзеніндегі судың деңгейі тұрақты. Су тасқынынан қауіп жоқ. Өзен тиісті арнасымен ағуда. Десе де, сала мамандары өз істеріне салғырттық танытпай, жағдайдың жіті бақылауда ұстау қажет. Биыл Сырдария өзенінде су деңгейі төмен болуына байланысты Сарыөзек көлінің сумен толтырылмау қауіпі орын алып отыр. Бұл жағдайда көл аумағындағы жайылым-шабындықтар суландырылмайды және ауданның экологиялық ахуалының нашарлауына әсер етеді.
Осыған орай, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы сала мамандарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, Сарыөзек көліне су жіберу үшін «Сарыөзек құярлығы» (ескі сброс) учаскесіне СНП 500 насос қондырғысын орнатуды тапсырған болатын.
Қазіргі таңда, осы тапсырмаға сәйкес сала мамандары тарапынан насос қондырғысын орнату жұмыстары атқарылуда.
Аудан әкімі жұмыс барысын бақылау мақсатында нысан басына арнайы барып, Сарыөзек көлін сумен толтырудың, жайылымдық-шабындық жерлерді суландырудың маңыздылығын атап өтіп, насос қондырғысының тоқтаусыз жұмыс жасауын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
