Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданының тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығына негізделген. Осы жылдың 1 шілдесіне ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2 млрд. 899,5 млн.теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,1 пайызды құрады.
Биыл 26 813 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде күріш көлемі 13 770 гектар. Биылғы вегетациялық кезеңге бөлінген су лимитіне және дақылдарды кезектестіру схемасына сәйкес күріш өткен жылмен салыстырғанда 997 гектарға артық егілді. Әртараптандыру дақылдары 2340 гектарға орналастырылды.Жаңажол ауылдық округінде "Жаңажол" ЖШС 5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егіп, 85 пайызы шыққан. Сондай-ақ, аталған шаруашылық жабынды астында егу әдісімен 2 гектар жерге қарбыз екті. Өнім тамыз айында жиналады.
Еске салайық, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан экономикасын әртараптандырда шикізаттық емес секторды дамыту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырумен қатар импорт алмастыру мәселесі қолға алынғанын хабарлаған болатынбыз. Ол үшін индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылған ірі жобаның бірі Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы биыл іске қосылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» ЖШС-ның газоблоктар өндіретін шағын зауытының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 200 млн теңге. Жоба Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 60 млн теңгеге несиелендірілді.
