Kyzylorda-news.kz. Табиғат тазалығы халық саулығы екенін ескерсек, айнала қоршаған ортамызды, табиғатты таза ұстау – баршамыздың азаматтық парызымыз.  

Кентіміздің тазалығы үшін жұмыла біз де сенбілікке шықтық. Ислам дінінде тазалықты иманмен теңестіріп, «Тазалық – иманның жартысы» дейді. Осыдан-ақ адам өмірінде тазалықтың қаншалықты маңызды екенін ұғынуға болады. Алайда көпшілік үшін дәстүрге айналған сенбілікте тұрғындар бой көрсетіп жатқан жоқ. Жасыратыны жоқ, біздің санамызда қоғамдық жұмысқа тартылғандар немесе мекеме қызметкерлері көшенің тазалығына жауапты деген ой қалыптасқан. Оны былайғы сенбілікке шыққанда-ақ көзбен көріп жүрміз. Жалпы кей тұрғындар тазалықтың баршаға ортақ іс екенінен бейхабар секілді. Көшенің тазалығы былай тұрсын, есігінің алдындағы немесе арықтағы қоқысты алуға арланатындай. Мекеме қызметкерлері өздері келіп тазалап кетеді дегендей әлгі қоқыс келесі сенбілікке дейін сол жерде жиналып жатады. Айналаңыздың тазалығы сіздің айнаңыз екенін ұмытпаңыз. Түптеп келгенде ортақ істің оңтайлы жүзеге асырылуы – әрбір аудан тұрғынының белсенді әрекетіне тікелей байланысты екендігін естен шығармағанымыз жөн.

Санитарлық тазалық айлығына ауылдық округтерде белсенділік көрсетті. Әлеуметтік желіге жарыса салған суреттерден туған жерге деген жанашырлығы байқалады. Көше сыпырып, тал егіп, мекеме алдын көгалдандыруда елден қалыспады. Сенбілік жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таппақ. Әр көшенің тұрғындары есік алдындағы тазалыққа өздері жауапты екенін есте ұстаса. Ең болмағанда өз үйінің айналасын күл-қоқыстан тазартып, ауласына көшет отырғызып, тазалау ісіне мән беруі тиіс. Әсіресе көпшілікке қызмет көрсететін кәсіпкерлер өзі елге қызмет етіп отырған орынның айналасын таза ұстауға міндетті.

Қармақшы ауданында әр сенбі сайын өткізілетін көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары бүгін де барлық кент, ауылдық округ аумағында жалғасты.

Сенбілік жұмыстарына бір кісідей қатысқан барлық мекеме қызметкерлері өздеріне бөлінген аймақтардағы көшелер мен жол жиектерін, арықтар мен әлеуметтік нысандардың айналасын күл-қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар Қармақшы ауданы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Біржан Далабайұлы аудан аумағындағы темір жол магистралі бойын аралап, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ аудандағы мекеме басшыларына тазалық жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы тиісті тапсырмалар берген болатын.

Сол тапсырмаға орай, бүгін теміржол мекемелері өздеріне тиесілі аумақтарда сенбілік жұмыстарын жүргізіп, мекеме ғимараттарын әрлеп, темір жол белгілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Тағы да оқыңыз: