Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданында халықтың алғысын арқалаған мейірім орталығы бар. Көбісі оны «Пернеш әжейдің дүкені» дейді. Ашылғанына 7 жыл толған әлеуметтік дүкеннің негізгі мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау білдіру, көмек қолын созу.

Қазіргі кезде жұмысын бір жүйеге келтіріп алған дүкенді аудан тұрғындары жақсы біледі. Қайырымдылық жасауға ниеттенген тұрғындар да осы дүкенге қайырылып, хал-қадірінше көмек қолын созуда. 

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің» дейді дана қазақ. «Мейірім» орталығын ашқалы халықтың алғысына бөленіп келемін. Бүгінгі күні әлеуметтік дүкеннің қызметі аудан жұртшылығына бес саусақтай аян. Бастапқы жылдары мешітке әкелінген киімдерді алып, мұқтаж жандарға таратушы едім. Қазір арнайы отыратын, заттарды қоятын орным бар. Іздеп келгендер керек киімін алып рақметін айтып жатады. Мұнда көбіне көпбалалы аналар, әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасылар және оқушылар келеді. Келетін киімдер таза, бір-екі рет киілген немесе су жаңалары да кездеседі» дейді Пернегүл Өтепова.

Қайбір жылдары Төтенше жағдай жарияланған уақыттарда әлеуметтік дүкеннің қызметі біршама тоқтап қалады. Алайда қоңырау шалып киім-кешек сұраушылардың қатары көбейіп, дүкеннің қайта жұмыс істеуін қалағандар болыпты. Мұндай да Пернегүл апамыз киімдерді сұраушыларға өзі апарып берген. 

«Маған киімдерді әкеліп беруші де көп, сұраушы да көп. Ондай кезде отыра алмаймын. Балаларының дене өлшемдерін сұрап аламын да жеткізіп беремін. Көлік жағынан еш қысылмаймын. Маған мекемелерден көлік жіберіп, жәрдемдесіп тұрады» дейді Пернегүл Өтепова.

Кең пейіл жан жасаған еңбегіне ақы алмайды. «Тек балалардың қуаныштан жадыраған жүздерін көріп мен де бір жасарып қаламын» дейді ол өз сөзінде.

«Бұл орталықты 2016 жылдың мамырында аштым. Әуеліде мешіттегі көмекке арналған заттарды алып, мұқтаж жандарға таратып жүрдім. Кейін арнайы орталық ашуды жөн көріп, аудан әкімдігіне жүгіндім. Ондағылар менің ұсынысымды бірден қолдап, мекеме тауып берді. Қазір «Мейірім орталығы» өз жұмысын толықтай атқарып, елдің игілігі үшін қызмет етуде» дейді бар ықыласымен.  

Әлеуметтік дүкеннің басты мақсаты – қолдан келгенше көмек қажет ететіндерге қол ұшын созу, жәрдемдесу. Бұрын тұтынуда болғанымен сапасы тәуір дүниелерді адамдарға тарту етеді. «Ысырап болмасын» деп орталыққа әкеліп жататындар аз емес. Қағазы үзілмеген жаңа киімдер де өткізеді. Бұл күнде Пернегүл Әбіләкімқызы алпыстың асқарынан асса да қолға түскен затты өзі алып кетіп, үйді-үйге таратып береді. Бұл орталыққа өз көмегін берушілер қатарында ел ағалары, мектеп мұғалімдері, оқушылармен қатар қарапайым тұрғындар да бар. Орталық жұмысын атқарып бастағалы талай көмек көрсетіліп, бірнеше қызықты оқиғалар да болған.

«Бірде бір үйден зат алып кетуге барғанымда үй иесі компьютерді де алуымды ұсынды. Құрылғы аз-маз ескірсе керек. Біреуге жарап қалар деген оймен ала кеттім. Екінші күні бір әйел келіп, әлгі компьютерді алуға рұқсат сұрады. «Орталықтағы барлық заттар сіздер үшін! Қалаған затыңызды ала беруіңізге болады» дедім. Ол қуанып, компьютерді алып кетті. Бір-екі күн өткен соң жұмысқа келе жатқанымда толып тұрған кішкентай балаларды көрдім. Мектеп оқушылары болса керек, бір-бір сөмкелерін арқалап алған. Не үшін күтіп тұрғандарын сұрағанымда:  «Апа, сіз компьютер таратып жатыр деп естідік. Бізге де беріңізші» дейді. Жүзіме күлкі үйіріп, балаларға мән-жайды түсіндірдім» дейді ол. 

Кең пейіл жанның жәрдемдесіп жүрген барша Қармақшы ауданы тұрғындарына алғысы шексіз. Қоңырау шалса киім-кешекті әкеліп, таратып беруге қай мекеменің болса да басшысы көлік тауып беруге даяр. Қарапайым тұрғындардың өзі де орталыққа киім, жиһаз бен ыдыс-аяқ әкеліп, сөрелерді толтыруда.

 

Тағы да оқыңыз: