Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы қармақшылық қайырымды жандарды арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Қабылдауға аудандағы ерікті жастардың қайырымды істердегі қарымды бастамаларына қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлер және тегін Заң қызметтерін ұсынып жүрген Нотариус қызметкерлері қатысты. Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары жиынның алғы сөзінде Қармақшы ауданында қайырымдылық істердің ұйымдастырылуына белсене атсалысып, жас еріктілердің игілікті бастамаларына қолдау білдіргендері үшін алғысын жеткізіп, алдағы уақытта да адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленіп, халық құрметіне ие болып жүре беретіндеріне сенім білдірді.
Сондай-ақ, қайырымдылық жанашырларына Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің арнайы құттықтауын жеткізе отырып, алғыс хаттарын табыстап, сый-құрмет көрсетті.
«Бар жақсылық Алланың разылығы үшін жасалады. Елге пайдамыз тисе, жастарға үлгі болсақ екен деп жүрген жайымыз бар. Жастардан, еріктілерден қолдаушылар көп болса. Жақсылыққа бірге атсалысып, сауаптан құр қалмаса екен дейміз. «Кең болсаң – кем болмайсың» деудің мәніне үңілсек, адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Пайғамбарымыз «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» дегенін ұмытпайықшы. Бес күндік бұл фәниде қайырлы іс жасап, мұқтаж жандарға аса көңіл бөлейікші» дейді қайырымды жандар.
