Kyzylorda-news.kz. Бүгінде Қармақшы ауданында өңірдің әлеуметтік әлеуетін жақсартуда мемлекет тарапынан түрлі бағыттағы бағдарламалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Ұлттық жоба» шеңберінде бизнес-жоспарды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант. Яғни, кәсіп ашамын деген жандарға берілген мол мүмкіндік. Соңғы кездері бизнес жобасын дайындап, кәсіп ашамын, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етемін деген аудан тұрғындары қатары артқан. Оның ішінде, әсіресе ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Солардың қатарында қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастағандардың бірі – Айнұр Диқанбаева.

Кейіпкеріміз ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны. Ол көпшіліктің сұранысына ие, жеңіл әрі тез дайындалатын фастфуд өнімдерін сататын сауда орнын ашып, ауыл тұрғындарына дәм ұсынуда. Бұрын фастфуд тағамын үлкен қалаларда ғана жеп, тіл үйірген дәмін көпке дейін ұмытпай «Шіркін-ай, ауылда мұндай орын ашылмаған екен» деп армандағанымыз рас. Қазір бұл кәсіптің орайын тапқандар кез келген жерде ашып, оны үлкейтудің жолын жасауда. Осы жолды мақсат еткен кейіпкеріміз кәсібін тоқтатпай әрі қарай дамытатынын жеткізді. 

Кәсіпкердің сөзінше, ол нан өнімінен түрлі тәттілерді пісіруге бала күнімнен қызығушылығы басым екен. Басында қолынан келгенін пісіре отырып тәжірибе жинапты. Кейін ауыл тұрғындарынан тапсырыс алып, өнімдерімді ұсыну арқылы көпшілікке көріне бастаған. Негізгі дайындайтын тағамдары самса, тәтті нан, пицца, құймақ, тіске басар тәттілер. Әсіресе жастар жағы дөнерге көп тапсырыс беретін көрінеді. Осыдан кейін неге кәсіп бастамасқа деген ой келіп, ол сөйтіп мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алады. Кейіпкеріміде бұл бағдарламаны шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек екенін айтады.

Айнұр жеңіп алған қаражатқа ең бірінші керек құрал-жабдықтарын алған. Осыған дейін барымен базар болған ол енді қалаған тәттілерімді пісіре аламын деп қуанышымен бөлісті.

«Кәсіпке келгенге дейін үйде анау-мынау пісіріп тапсырыс алып жүрдім. Содан түскен қаржыны жинап ең бірінші дөнер пісіретін пеш алдым. Осылай еңбектенудің арқасында бірліжарым құрылғыларға қол жеткіздім. Қазір жастарға мүмкіншілік көп. Тек ерінбеу керек. Кез келген істі бастағанда ол бірден болмайды. Сол үшін сабыр мен төзімділік керек», – дейді Айнұр Диқанбаева. 

Жас кәсіпкер ауылдағы үш адамды жұмыспен қамтуда. Олар цехта екі кезекпен жұмыс істейді. Яғни, азанғы сегізден кешкі алтыға дейін екі адам нан өнімдерін дайындаса, түнгі сағат он бірге дейін бір адам сол жұмысты жалғастырады. Айнұрдың тез дайындалатын тағамына тапсырыс берген болсаңыз, оны жеткізіп беру тегін. Ал оның бұл бастамасына ауыл тұрғындары дән риза.
 

2022-11-22_09-27-16.png

Тағы да оқыңыз: