Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім сақталды. Бұл туралы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Жандос Еркінбек мәлімдеді.
Аудан басшысы өңірде мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарланған жобалардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын айтып, барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң нәтижемен орындалғанын жеткізді.
«Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі көрсеткіштердің барлығы бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы мен атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі», – деді Жандос Еркінбек.
Жыл басында бекітілген аудан бюджеті шілде айындағы нақтылау барысында ұлғайтылып, өңірдің даму жобаларын қаржыландыруға қосымша мүмкіндік жасалды. Ал қаңтар-маусым айларының қорытындысында аудан бюджетінің кіріс бөлігі жоспардан асыра орындалып, меншікті кірістер бойынша да жоғары нәтиже тіркелді. Соның нәтижесінде жергілікті бюджетке жоспарланған межеден артық қаражат түсті.
«Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша 100 пайыздан жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Алдағы уақытта да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді аудан әкімі.
Брифингте ауданның алдағы даму жоспарлары да таныстырылып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, бюджет кірістерін көбейту және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жалғасатыны айтылды.
Қармақшы ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биыл аудан бойынша автомобиль жолдарын жаңғырту, көше желілерін жақсарту және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар ірі жобалар қолға алынды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Жандос Еркінбектің айтуынша, 2026 жылы аудан көлеміндегі автомобиль жолдары, көше жарықтандыру желілері мен жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Бүгінде жалпы бес көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» автомобиль жолының Қызылтам елді мекені тұсындағы теміржол арқылы өтетін көпірі де күрделі жөндеуден өтуде.
– Жол сапасын жақсарту тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан ауданның көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Алдағы жылдары елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу ауқымы кеңейіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауына барлық мүмкіндік жасалады. Алдағы жылдарға да ауқымды жоспарлар белгіленген. Демеушілердің қолдауымен 38 көшені жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін жұмыстар 2026-2028 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
Сондай-ақ, Жосалы кентіндегі Мырзағалиева көшесі тұсынан теміржол өткелін салу жобасы бойынша қажетті құжаттар толық рәсімделіп, уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімдері алынған. Қазіргі уақытта жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайтын жобаны қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауданның көлік қатынасы жақсарып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қозғалыс қолайлылығы арта түседі.
Қармақшы ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Табиғи газбен қамту аясын кеңейту мен электр желілерін жаңарту бүгінгі күннің негізгі басымдықтарының бірі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Жандос Еркінбек баяндады.
Спикердің айтуынша, биыл республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ тарту жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар толық аяқталғаннан кейін аудан халқын табиғи газбен қамту деңгейі қазіргі 74,8 пайыздан 77,3 пайызға дейін өседі.
Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен ІІІ Интернационал ауылын газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Ақтөбе мен Ақжар ауылдарын газдандыру бойынша жобалау жұмыстарын бастау мәселесі пысықталуда.
– Ауданда электр желілерін жаңарту жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілуде. Соңғы екі жылда төрт ауылдық округте электр беру желілері қайта жаңғыртылса, биыл жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын тағы төрт ауылдық округтің электр желілерін жаңғыртуға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау көзделген. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін аудан аумағындағы тозығы жеткен электр желілерінің 90 пайызы кезең-кезеңімен жаңартылып, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымының сенімділігі мен сапасы едәуір жақсарады. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету және тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Бұл тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
