Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданындағы теміржол станциясына пойыздар аз тоқтайды. Сәйкесінше мұнда сауда да аз. Қазалы мен Шиелі аудандарында үлкен станция болғандықтан онда халық 20-30 минут тұрып қажетті заттарын алады, сондай-ақ жергілікті халықтың кәсібін жүргізеді. Шиелінің күріші мен қауын-қарбызы сұраныста болса, Қазалының кәмпиті мен балығын жолаушылап жүрген адамдарға жақсы өтеді. Яғни бұл сол жергілікті халықтың өтімді тауарына айналып, сол арқылы табыс тауып отыр. Ал Қармақшыда пойыздар 2-5 минут аралығына тоқтағандықтан, онда қызу қайнаған жұмыс та жоқ.
Әр ауданның өзіндік бағыты болады. Мәселен, Арал ауданы мал шаруашылығымен ерекшеленеді, ал Жаңақорған, Шиелі аудандары өнеркәсіп саласындағы түрлі зауыттар мен жер қойнауын өндіруде белсенді. Сондықтан әр аудан өзінше ерекше болуға ұмтылады. Жалпы Қармақшы ауданында да егін, мал шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы дамып келеді. Мамандардың айтуынша, кім қанша жаңа кәсіп бастағанымен оған төлем жасай алатын халық керек. Халықтың тұрақты жұмысы болып ай-сайын ақша түсіп отырса, онда жеке кәсіпкердің де жұмысы алға жүреді деген сөз. Дегенмен кәсіпті бастар алдында нарықты зерттеп алған дұрыс. Мәселен, Байқоңыр қаласын алатын болсақ, онда космостың жан-жағында жұмыс істейтін мекемелерде 15 000 адам жұмыспен қамтылған. Яғни осынша халық жұмыссыз қалатын болса табыс та жоқ. Ал кіріс болмаған жерде кәсіп те жүрмейді. Сондықтан жаңашылдықтан гөрі жұмыс орындарын көптеп ашқан дұрыс секілді. Жұмыс орны аз болған кезде халықтың төлем қабілеті жоғары болмайды. Кейбір кәсіптің тұралап, не жабылып қалуының да негізгі себебі осында жатыр. Халық бір көреді, алады. Бірақ үнемі оған шығындалуға қаражаты жете бермейді. Ал тұтынушы азайған кезде, бизнестің жайы қалай болады?
Қармақшы ауданында өткен жылдың қорытындысымен кәсіпкерлік саласында өсім бар. Бүгінде 4000-нан аса кәсіпкерлік субъект жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 57 жоба 382,9 миллион теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде «2021-2022 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде несие сыйақысының бір бөлігін субсидиялау бойынша 8 жоба 121,5 миллион теңгеге екінші деңгейлі банктерден несиелендірілген. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 15 жоба 61,9 миллион теңгеге несиелендіріліпті. «Қызылорда» Өңірлік Инвестиция Орталығы» арқылы 34 жоба 199,5 миллион теңгеге қаржыландырылған. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несиелендіру үшін барлық елді мекендерде жобаларға іріктеу жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, Қармақшы аудандық «Кəсіпкерлер кеңесінің» жұмысын жандандыру басты жоспарда тұр. Бұл кеңесте кəсіпкерлер туындаған мəселені бірлесе шешіп, жаңа кəсіп бастаушыларға бағыт-бағдар беріледі. Кəсіп иесіне арналған мұндай қолдау кəсіпкерліктің əрі қарай жандануына үлкен сеп болмақ. Жақында облыстық өңірлік кеңес мүшелері ауданымыздағы жеке кәсіпкерлерімен кездесіп, кәсіпкерлерді қолдау, олардың құқықтарын қорғау бағытындағы және қолданысқа енгізілген жаңа заңнамаларды түсіндіру, жеке кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Өңірлік кеңес мүшелері кәсіптің көзін тауып, кез келген бастаманы сәтті жолға қоюдың тетіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер» жобасы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясындағы қаржылай қолдау механизмдерін түсіндірді. Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы трансформациялаудан өтті. Соның негізінде ауданда штат саны азайды. «Бастау-Бизнес» жобасы бұрынғыдай палата негізінен алынып тасталып, электронды порталға көшті. Қазір оны https://business.enbek.kz/ сайтында кіріп, өздері онлайн түрде өтеді. Палата жыл басынан бері жке кәсіпкерге не кәсіп бастауғы ынталы жандарға консультациялық кеңес береді. Мемлекеттік бағдарламалар негзінде грант, несие алу жөнінде ақпараттармен бөліседі, бизнес план жасауға себепші болады, оларды сүйемелдейді. Одан бөлек Қармақшы аудандық мобильді топпен жұмыс істейді. Онда кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде аудандық прокуратурамен тығыз байланыста болады.
«Жалпы бизнес, кәсіп дегенде бұл аудандағы кәсіпкерлік бөлім мен палатаның жұмысына қарайды. Биыл ауыл тұрғындарына, жастарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Жастарға арналған бағдарлама жұмысын бастап кетті. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жақын күндері нақты талаптары белгілі болады. Мемлекеттің мұндай қолдауын уақытылы қолдану керек. Кеңес алу, құжат дайындау бойынша біз көмек көрсетеміз. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің Қазақстан Республикасы Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және олардың құқығын қорғайды. Айталық, бізге «Кәсіп ашайын деп едім. Мынадай-мынадай ойларым бар» деп бір азамат келді делік. Идеясы бар, алайда тәжірибесі мен қаражаты жоқ. Біз оған бизнес-жоспар жасауға көмектесеміз, несие алудың жолдарын түсіндіреміз. Істі бастаудың мүмкіндіктерін бірге талқылаймыз, мемлекеттік органдарға тапсыратын құжаттарын дайындаймыз. Егер органдар тарапынан қандай да бір кедергілер мен келіспеушіліктер туындаса себебін анықтап, кәсіпкердің құқығын қорғап, көмектесеміз. Кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беретін семинар, курстар бар. Соларға жібереміз. Осының барлығы тегін жасалады.«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы ауданда 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерлік палатаның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру. Бұл адамдарға кәсіпкерліктің негіздерін үйретеді. Мемлекеттік грант қаражаттары бөлінгеннен кейін сол қаражатқа қол жеткізуге тікелей сүйемелдейді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын қорғауға да жұмыс істейді» дейді Қызылорда облысы кəсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданындағы филиал директоры Алмат Өтегенов.
Айта кеткен жөн, алдағы уақытта кәсіпкерлік салада бірқатар ірі жобаларды іске қосу жұмыстары тұр екен. Соның ішінде «Ақтөбе ауылдық округінінен «Қармақшы құс» ЖШС-нің құс фабрикасын маусым-шілде айларында іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар Қармақшы ауданы орталығындағы ескі сауда базарының орнына жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жоба құны 150 миллион теңгені құрайды. Жобаға Өңірлік Инвестиция Орталығы арқылы 50 миллион теңге несие берілді. Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» ЖШС-гі кәсібін кеңейтіп, газоблоктар өндіретін шағын зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 200 миллион теңге. Оны Өңірлік Инвестиция Орталығы арқылы 60 миллион теңгеге несиелендіру мақұлданып, құжаттары тапсырылды. Сондай-ақ Жосалы кентіндегі ескі қонақ үйді қайта жаңғыртудан өткізу жобасын Өңірлік Инвестиция Орталығы арқылы 30 миллион теңгеге несиелендіру мәселесі шешімін тауып, қаржыландыру үстінде. Жеке кәсіпкер Тен Маргаританың жол бойындағы қызмет көрсету кешенінен қонақ үй құрылысын салу жобасын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банкке құжаттар тапсырылуда дейді мамандар.