Kyzylorda-news.kz. Биылғы жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентінің бірқатар көпбалалы аналарына «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды.

Бүгінде Қармақшы ауданының бірқатар көпбалалы аналарына құрмет көрсетіліп, арнайы төсбелгімен марапатталды. Атап айтсақ, Айша Дәкібай – «Күміс алқа», Гүлсара Бағатаева – «Алтын алқа» төсбелгілерін иеленді. Марапаттау рәсімінде «Күміс алқа» иегері, 7 баланы тәрбиелеп өсірген Гүлсара Бағатаева мемлекетке және кент әкімі аппаратының көрсеткен ілтипаттарына алғысын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі. 

«Мемлекет басшысына, Үкіметке мемлекетіміздің дамуы мен гүлденуіне және Қазақстан демографиясының өсуіне барынша жағдай жасап жатқандары үшін алғысымды білдіремін», - деді көпбалалы ана.

Айта кетейік, «Алтын алқа», «Күміс алқа» көпбалалы аналарды марапаттайтын награда алты, жеті немесе одан да көп баласы бар аналарға беріледі. 1995 жылы 12 желтоқсандағы  №2676 санды «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградалары туралы» Заңымен бекітілген. Төсбелгенің сипаты да ерекше дизайнмен жасалған, яғни жібек бауға тағылған алқада алақанда аяланған сәбидің бейнесі және күн шапағы бейнеленіп, айшықты өрнекпен көмкерілген.
 

1668770426_1.jpg1668770378_2.jpg

Тағы да оқыңыз: