Kyzylorda-news.kz  Қармақшы аданының экономикасын дамытуда жолға қойылған жобалар кезеңімен орындалып, жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Уақыт өткен сайын ауданға қарасты кент және ауылдық округтердің әлеуметтік ахуалында ауыз толтырып айтарлықтай ілкімді істер бар. Өткен аптада Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек пен Жосалы кенті әкімі Алмасхан Досмұратов кент тұрғындарымен кездесіп, жыл басынан бері атқарған жұмыстарына есеп берді.

Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде өткен кездесуде алдымен Жосалы кентінің әкімі Алмасхан Әріпханұлы кенттегі оң өзгерістерді баяндады.

– Жосалы кенті әкімінің бюджеті жыл басында 106 млн 130 мың теңге болып бекітілсе, салық түсімдерін ұлғайту мен инвестиция тарту арқылы бес айда бюджетімізді 38 млн теңгеге арттырдық. Бүгінгі күнге дейін салық түсімдері 116 пайызға орындалып отыр. Барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жыл соңына дейін кіріс көздерін әлі де ұлғайтуды межелеп отырмыз. Кентте 1502 жеке тұлға кәсіпкер болып тіркелген. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны 1397 бірлік. Бұл барлық тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 93 пайызын құрайды. Биыл қаржы ұйымдары тарапынан 15 жобаға 250 млн теңге несие беріліп, 32 жоба қайтарымсыз гранқа ұсынылып отыр. Осы жылы 4 өндірістік цех іске қосылса, жалпы 35 өндірістік цех өз жұмысын жасап тұр, – деді ол.

Елдегі ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған республикалық «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының қолдауымен көшелерді жөндеуге және жарықтандыруға жыл сайын басымдық берілуде. Мәселен, Жосалы кентінде тұрғындар қоныстанған 122 көше бар болса, оның 90 көшесі асфальтталған. Қалған 21 көшеге қиыршық тас төселсе, 11 көше топырақты. Биыл С.Ысқақов және Ү.Томанов көшелерін күрделі жөндеуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Түнгі жарықтандыру бойынша Батыс, Сырдария, Бестам, Марал баба көшелеріне осы жылы қаржы бөлініп, мердігермен келісім-шарт жасалып отыр. Жалпы кентте көшелердің 74 пайызы жарықпен қамтылған.

Жыл сайын аудан орталығын абаттандыруға басымдық беріліп, облыстық, аудан бюджетінен тиісті қаржы бөлініп келеді. Оның бір дәлелі Қ.Жолдыбаев көшесі, Е.Көшербаев пен Абай көшелері аралығын абаттандыруға қаржы бөлініп, қазіргі таңда осы тұстан өтетін Батыс каналының 330 м арығына темір бетонды лоток орнату жұмыстары жүргізілуде. Канал ішіне лоток орнату – бір жағынан көшенің келбетіне көрік берсе, екінші жағынан арық іші таза әрі судың кедергісіз жүруіне ықпалы жоғары болмақ. Сонымен қатар каналдың 1164 шаршы метр жағасына тас төсеніштен жаяу жүргінші жолы салынып, 15 дана саябақ орынтақтары мен 15 дана қоқыс жәшіктері орналастырылады. Сондай-ақ Т.Рысқұлов көшесінің Е.Көшербаев көшесінен дарияға дейінгі бөлігіне тас төсеніштен жаяу жүргінші жолы салынуда.

Жалпы биыл кентті абаттандыру мен көркейту-көгалдандыруда жоспарға қойылған жұмыс жетерлік екенін жеткізген кент әкімі алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты.

Ал аудандағы ілкімді істерді баяндаған аудан басшысы Жандос Еркінбек, бүгінде бірқатар жобалар іске асырылып, нәтижесінде аудан халқының өмір сүру сапасын артыруда әлеуметтік нысандар салынып, ауыз сумен қамтамасыз ету, электр желілерін қайта жаңғырту, газбен қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелердің шешімі кезеңімен орындалып жатқанын баяндады.

– Өткен жылы Жосалы кентінде халықтың әлеуметтік осал топтарына және кезектілікте тұрған азаматтарға тұрғын үй қорынан үй сатып алуға қаржы бөлініп, 50 пәтер сатып алынып, ел егілігіне пайдалануға берілді. Биылғы жылы да 100 пәтер сатып алуға қаржы бөлініп отыр. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Төретам және Ақай елді мекенін газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, Ақай ауылы табиғи газға қосылды. Ал Төретам кенті бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беру және қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Жосалы кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысы қарқын алуда, – деді аудан әкімі.

Ауданда инфрақұрылым саласын дамыту үшін жолды жөндеу, көше жарығы, аяқ сумен қамту бойынша жұмыстар жүйелі атқарылуда. Соның бірі – «Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының облыстық бюджет қаражаты есебінен 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталып, былтыр жоспарлаған 11 шақырым жолды жөндеу жұмыстары толық аяқталып, биыл  қалған 16 шақырымға жөндеу жұмыстары жүргізіліп бітті. Бүгінгі күні жол жиектеріне тас төсеу, жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Қызылтам елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, 4,6 шақырымына асфальт төселген.

Мұнан бөлек аймақ басшысының қолдауымен ауданда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер үйі мен жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият орталығының» құрылысы бой көтеруде.

Сондай-ақ білім саласындағы жағымды жаңалықтың бірі оқушылардың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында Жосалы кентінде және ІІІ Интернационал ауылынында мектеп ғимараттарының құрылысы басталады.

Аудан әкімі Жандос Еркінбек алдағы кезеңдерде Президент Жолдауын, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын назарға ала отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыра беретін боламыз деді.

Кездесу соңында кент тұрғындары тарапынан сауалдар қойылып, көтерілген мәселелерге заң аясында жауап берілді.

Тағы да оқыңыз: