Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айының кешінде «Қармақшы ата» мешітінде ауызашар берді.
Мешітте жасалған ауыз ашу уақытында, жайылған ақ дастарқанға алпыстан аса Қармақшы ауданының ақсақалдары мен ақжаулықты аналары, Қармақшы аудандық мәслихат хатшысы, мекеме басшылары, қоғам белсенділері және арнайы мешіт жамағаттары шақырылған. Дастарқан басына жиналған қауымға Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, жиналған жұртшылыққа тілегін білдірді.
«Қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Бұл ай қасиетті ай, береке бірлігімізді нығайтатын ерекше ай. Әр шаңыраққа құт-береке, амандық тілеймін! Бірлігіміз бекем болып, ырысымыз арта берсін!» деді Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек.
Қармақшы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Ермағамбетұлы Мереков ауыз бекіткен жандарды құттықтап, ел ішінде ауызбіршілікті сақтап, ел тыныштығын мықты, татулығы берік болуын тіледі. Ал «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Өміржан Тобжанов жиналған қауымға уағыз айтып, Құран бағыштады.
Одан соң қармақшылық Қаршыға Есдәулетов ақсақал Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбекке алғысын айтып, тілегін білдіріп, барша жанға батасын берді.
