Kyzylorda-news.kz. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда тәртіп сақшыларының еңбегі зор. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес. Иә, жазылып та, айтылып та жүр. Халықтың өмірі мен тыныштығын сақтауда өзіндік үлес қосып жүрген полицияның бір күндік жұмысының өзі шытырманға толы. Тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі қауырт. Ал қаңтардың басында орын алған оқиғада полиция қызметкерлері өз басын қатерге тікті. Халықтың қорғаны болды. Күн-түн демей аязды күннің ызғарына қарамастан қалтқысыз қызмет етті. Ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері ел есінде қалды.
Полиция полковнигі Бақытжан Зейнуллаұлы басқарған Қармақшы аудандық полиция бөлімінде қырағы қызметкерлер қызмет етуде. Әрқайсысының өзіне артылған жүгі бар. Сала мамандары жиырма төрт сағат бойы қаққан қазықтай қақшиып тұрмайды. Көше кезіп елдің тыныштығын күзетеді. Тәртіпке бағынбаған талайды тәубасына түсіреді. Бөлімнің ішінде де түрлі қызметпен уақыт санаспай жүргені қаншама?! Айта берсең күйбеңі көп тіршіліктің тізіп алары аз емес. Ал біз олардың жиырма төрт сағаттағы жауапкершілігін жете түсініп жүрміз бе?
Қылмыспен күресуден бөлек, атқарылып жатқан жұмыстары жетерлік. Түрлі іс-шара ұйымдастырып, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік көрсетіп жүр. Мәселен, «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» акциясы аясында аудандық жастар ресурстық орталығы және аудандық полиция бөлімімен бірлесіп бала еңбегін қанамау, артық жұмысқа мәжбүрлемеу бойынша түнгі рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Аудандағы жеке кәсіпкерлермен тұрғындарға арнайы тақырыптық жадынамалар таратылуда. «Жолда қабылдау» атты республикалық акцияға белсене араласып, ұйымдастырып, жүзеге асыруда. Пәтер, мал ұрлығымен күресу шаралары тағы бар.
Былтыр аймақтың тәртіп сақшыларына 92 су жаңа қызметтік көлік табысталған болатын. Мұндай тарту полицияның құрылғанына – 30 жыл толуына орай жасалды. Бүгінде ішкі істер органдарындағы көліктердің дені ескірген. Қаңтар оқиғасындағы дүрбелеңде 34 қызметтік машина жарамсыз болып қалған. Енді міне, полицейлердің автопаркі 92 су жаңа автокөлікпен толықты. Оның 60 данасы облыстық бюджеттен, қалғаны ұлттық қор есебінен алынған. Басым бөлігі елді мекендер мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінде қызмет ететін инспекторларға берілді.
Полицейлердің кәсіби біліктілігімен бірге қызметіне адалдығының, жауапкершілігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түседі. Қазіргі кезде полиция органдары қылмыспен күресуде алдыңғы сапта тұрып, мезгілдің ыстық-суығына қарамай, күн-түн демей қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын сақтауда ерен ерліктің үлгісін көрсетіп келеді. Тапсырылатын автокөліктер алдағы уақытта полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрғындардың тыныш та уайымсыз өмір сүруін қамтамасыз етіп, қылмыспен күресті қарқынды жалғастыруға септігін тигізіп, жұмыс сапасын одан әрі арттыра түседі.
Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. Мамандар GPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады. Су жаңа «Джак» автокөлігі Қармақшы ауданына да бұйырған болатын. Біреуі – Жосалы кентінің учаскелік полицейі Жасұлан Исмайловқа берілсе, екіншісі – Тұрмағамбет ауылының учаскелік инспекторы Қайыржан Жұбандықовқа беріліпті. Сонымен қатар сақшылардың формасы да жаңарған.
– Бұрын өзімде ескі қызметтік автокөлік болған. Қазіргі таңда су жаңа қызметтік автокөліктер берілді. Алдағы уақытта халықтың сенімін ақтап, жақсы қызмет атқаруға сенім білдіреміз, – дейді тәртіп сақшылары.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, ағымдағы жылдың 26-28 сәуір күндері аралығында аудан аумағында қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – жедел жағдайды тұрақтандыру, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау. Атап айтқанда, бөлімнің ЖПҚб-нің ЮПт-ның аға инспекторы полиция майоры Г.Исмайлова және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция капитаны А.Касимова Қармақшы АПб-нің профилактикалық есебінде тұрған тұлғалармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында бөлімнің барлық жеке құрамы күшейтілген жұмыс түріне көшіріліп, аудан бойынша қоғамдық тәртіпті оның ішінде көшеде жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтың, көлік құралын мас күйде басқарудың жолын кесу мақсатында жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторларымен әкімшілік аймақтарындағы профилактикалық есепте тұрған тұлғаларды тексере отырып, әкімшілік учаскелерді аралап тексеру жұмыстары да жүргізіледі.
Қоғам тынышытығы мен құқықтық тәртіпті сақтау барысында жүргізіліп жатқан жұмыстарға аудан халқы түсіністік таңытып, заңға бағынса құқық бұзушылықтар орын алмайтын болады. Сонымен қатар, отбасындағы зорлы-зомбылық ең алдымен ана мен балаға әсер етеді. Яғни, жанұясында түрлі зорлықты ұрып-соғу, жанжалды көріп өскен баланың санасы уланары сөзсіз. Осындай олқылықты алдын алу мақсатында бөлімнің ЖПҚб-нің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының және учаскелік полиция инспекторларымен бірігіп «қорғау нұсқамасы» санатымен есепке алынған тұлғалармен тұрғылықты мекен-жайына барып, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, олардың жұбайларымен тиісті деңгейде сұхбаттар жүргізілген.
Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы болғандықтан, кез келген жағдайда жәбір көрсеткен адам заң алдында жауап беретіндігін ескертеді.
«Егер де сіздер немесе сіздің жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, онда үнсіз қалмаңыздар. Отбасылық тұрмыстық қарым-қатынастар аясында зорлық-зомбылық көрген немесе куә болған азаматтар назарына облыс көлемінде орналасқан «Қамқорлық», «Жан», «Аналар үйі» дағдарыс орталықтары мен қоғамдық қорлардың сенім телефондарын ұсынамыз: «Қамқорлық» дағдарыс орталығы 8 (7242) 30-25-40, 8-777-340-87-34, 8-777-456-11-06; «Жан» дағдарыс орталығы 1-16-16; «Аналар Үйі» қоғамдық қоры 14-22 және 8 (72437) 2-11-89; «102» сымтетігіне және 8-705-204-14-68 хабарласуды ұсынамыз» дейді Қармақшы АПб-нің ЖПҚб-нің ӘЗЗҚт-ы.
2023 жылдың сәуір айының 25 күні Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Досжанов Аманкельди Аскаровичтің қатысуымен Қармақшы ауданының полиция бөлімі қызметкерлерімен 2023 жылдың 3 айында атқарылған жұмыстары жөнінде жедел кеңес өткізілді. Жедел кеңес барысында департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Досжанов Аманкельди Аскаровичпен есепті мерзімде орын алған кемшіліктерді жою бағытында нақты тапсырмалар берілді. Оған қоса, әскери-қызметтік тәртіппен заңдылықтың сақталу барысы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Полиция қызметкерлерінің еңбегі көп. Оны біз бір сәт сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көргенде ғана түсінер едік. Қырағы қызметкерлерге жұмысына сәттілік серік болсын дейміз.
