Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында күн тәртібіне сәйкес аудан әкімі Жандос Еркінбек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.
Аудан басшысы 2024 жылы аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, алдағы негізгі міндеттерді саралады.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты оң тенденция сақталды. Оның бір дәлелі ретінде аудан бюджетінің ұлғаюын атап айтуға болады. Облыс әкімінің ерекше қолдауының арқасында 2024 жылдың қорытындысымен аудан бюджеті 18 млрд. 533 млн. теңгені құрап, 2023 жылғы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 6 млрд. 541 млн. теңгеге немесе 54,5 пайызға артып отыр, – деді аудан әкімі.
Одан кейін аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов өз хабарламасында жыл көлемінде атқарылған жұмыстарын жан-жақты баяндады.
Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов есепті кезеңдегі кеңес қызметіне шолу жасап, көтерілген және шешімін тапқан мәселелер бойынша хабарлама жасады.
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің және аудандық мәслихат хатшысының есептерін тыңдап, олардың жұмысына оң баға берді.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі