Kyzylorda-news.kz   Қармақшы ауданының бірқатар елді мекенінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" №826 Жарлығына сәйкес аудан әкімі және кент, ауылдық округ әкімдерінің халықпен кездесулері басталды.

Онда Ақай ауылдық клуб үйінде тұрғындар ауыл әкімі Эльмира Қазиеваның ауылдық округ бойынша осы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады.

Бюджеттің жоспарлануы мен орындалуы бойынша биыл ауыл әкімінің бюджеті – 122397,0 мың теңге болса, орындалғаны – 65415,7 мың теңгені құраған. Қаржы игеру 100 пайызға орындалған. Мал шаруашылығы бойынша мал басы түгел бірдейлендірілген. Есепті мерзім ішінде мал жоғалу, ұрлау фактілері орын алмаған. Ауылда барлығы 851 бас мүйізді ірі қара, 807 бас жылқы, 186 бас түйе, 1711 бас қой мен ешкі, 1004 құс тіркеуге алынған.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына келсек, тіркелген кәсіпкерлерлік субъектілер саны – 377, оның жұмыс істеп тұрған субъектілер саны – 314. Жыл басынан бері 68 азамат жеке кәсіпкер болып тіркелсе, осы жылы «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға – 2 жоба, қызмет көрсету саласына – 2 жоба, өндірістік бағытқа – 9 жоба, барлығы 13 жобаға өтінім тапсырылып отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 13 азамат мал шаруашылығы мен өндірістік бағытқа несие алуға ұсыныс білдіріп, құжаттарын әзірлесе, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымынан» 2 азамат пластик терезе мен демалыс орнын ашуға 11 млн теңге несие алып, жұмыстарын жүргізуде.  Құрылыс жөндеу және абаттандыру жұмыстарында келсек, санитарлық-тазалық айлығы аясында ауылды тазартуға және көркейтуге байланысты ауыл іші 8 аймаққа бөлініп, әр аймаққа жауапты етіп әкім аппаратының қызметкерлері мен мекеме басшылары (келісімі бойынша) бекітілген. Биыл жоспарланған 3 483 мың теңге мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес ЖК «Достар» жеңімпаз болып танылып, ауыл сыртында заңсыз жиналған күл-қоқыстарды шығаруда. Сонымен қатар әр апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл кәсіпкерлеріне, кәсіпкерлік нысандарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, түнгі жарықпен қамтамасыз ету жөнінде ескертпе хаттар таратылған. Ауылды аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 8,5 шақырым құбыр жүргізілген. Қазіргі таңда ауыл бойынша 21 көше, 314 үй аяқ суға қосылған. Биылға жоспарланған 7 500 мың теңге мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес «Атамұра Жүсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылып, әр аптаның сейсенбі, сенбі күндері төменгі жаққа, сәрсенбі, жексенбі күндері жоғары жаққа аяқ су уақытылы берілуде.

Тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көшелерге орнатылған түнгі жарық шамдарына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, Ақай ауылында барлығы ұзындығы 31,42 шақырым болатын 39 көше бар. Оның 41 пайызы асфальттанып, 99,9 пайызы жарықтанған. Оның ішінде 36 көше жарықтанып, 16 көше асфальттанған, 21-і топырақты, 1-еуі қиыршық тасты, 1-еуіне плита төселген. Крайний әуежайына баратын жолдың сол жақ бетін аяқ сумен қамтамасыз етуде 1 ұңғыма қойылып, жарықпен қамтамасыз етіліп, айналасы қоршалған. Ауыл әкімінің 2023 жылдың 1 наурызындағы №67 шешімімен «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 5 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы табысталды. Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап Beeline ұялы байланысы іске қосылып отыр.

Мұнан соң кездесу Төретам кенттік клуб үйінде кент әкімі Ғалымжан Елеусіновтің бірінші жартыжылдық бойынша есеп беруімен жалғасын тапты.

Осы жылы кент әкімінің бюджеті – 241447,1 мың теңге болса, орындалғаны – 71529,5 мың теңгені құрайды. Қаржы игеру 100 пайыз орындалған. Кентте мал басы түгел бірдейлендіріліп, есепті мерзімде мал жоғалу, ұрлау фактісі орын алмаған. Барлығы 1381 бас мүйізді ірі қара, 976 бас жылқы, 278 бас түйе, 3225 бас қой, ешкі және 882 құс тіркелген.

Тіркелген кәсіпкерлерлік субъектілер саны –1029, жұмыс жасап тұрғаны – 965. Жыл басынан бастап тіркелгені – 64. Ауыл тұрғындарына салық базасын нығайту және кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін несиелер туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, «Өңірлік инвестиция корпорациясы» арқылы 1 жоба қолдау тауып отыр. Осы жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік «Бастау Бизнес» бағдарламасымен қайтарымсыз грант оқуына кенттен 52 азамат оқыған.  «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жоба ұсынып қолдау тапқан кәсіпкерлер кәсібін ашып, жұмыс жасауда. Атап айтқанда, Азамат Алибеков «Жиһаз цехын» ашып, 5 адамды жұмыспен қамтыса, Аманкүл Назарова «Наубайхана цехын» ашып, 4 адамды жұмыспен қамтамасыз етті.

Санитарлық-тазалық айлығы аясында ауылымызды тазартуға және көркейтуге байланысты кент іші 6 аймаққа бөлініп, әр аймаққа жауапты қызметкерлер мен мекеме басшылары бекітілді. Жоспарланған 11452,0 мың теңге мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес ашық конкурс жарияланды. Жеңімпаз мердігер мекеме ЖК «Алибеков» анықталып,  кенттегі күл-қоқыстар шығарылуда.

Кентте 34 көше болса, оның 91,18 пайызы асфальттанған, 88,24 пайызы жарықтанған.

Жақсы бір жаңалық, аудандық бюджеттен 5 көшеге 10 аялдама салу үшін 15790,0 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталына ашық конкурска жарияланып, мердігер «Құрылыс Бизнес и К » ЖШС мекемесімен кенттегі белгіленген орындарға  автобус аялдамалары орнатылуда.  Жаңқожа батыр көшесі бойында орналасқан суағар (дренаж) жаңартылып, жөнделді. Кент көшелері бойында орналасқан бейнебақылау камераларына ЖК «Умный дом» мекемесімен техникалық қызметтер жыл көлемінде көрсетіліп отырады.

Есепті кезең ішінде  40 мәдени іс-шара өткізіліп, 8 үйірменің 3-еуі Адал адам тұжырымдамасы бойынша ашылған. Жыр-терме, тоғызқұмалақ, бисермен жұмыс үйірмелеріне барлығы 172 мүше тартылған. №15 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 42 бала баскетбол, кикбокстан 30 бала,  бокстан 47 бала дәріс алуда. №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде самбодан 80 бала, бокстан 30 бала жаттығуда.

Жұмыссыздықты азайту бағытында қоғамдық жұмыс орнына Қармақшы аудандық және Байқоңыр қаласының Мансап орталықтары арқылы 36 азамат ақылы қоғамдық негізде жұмысқа орналастырылса, Жасыл ел бағдарламасы арқылы 1 студент, 2 мектеп оқушысы жұмыспен қамтылған.

Есеп беру кездесуі түстен кейін Қармақшы ауылдық округіндегі №113 орта мектепте жалғасып, онда ауыл әкімі Аязбек Есқараевтың есепті кезеңде атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды.

Бүгінде ауылда халық саны 1010 адамды құрайды. 240 қожалық тіркелген. 10210 мал басы бар. Елді мекенде байланыс бөлімшесі, кітапхана, фельшерлік амбулаториялық және фельдшерлік пункт, мектеп тұрғындарға қызмет көрсетеді. Кәсіпкер саны 85. Бірқатар желілік байланысқа қосылған.

Ауылға паспорт орнатылып, Жеңіс бағына қоршау жұмыстары жасалған. Жамбыл көшесінің 1 шақырымына қоршау жұмыстары өз бюджет есебінен жүргізіліп жатса, аудандық бюджет есебінен 2 шақырымына қоршау жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында 2 ұңғыма қазу жұмыстарының жоба сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілуде. Аудандық бюджет есебінен іске қосылған скважина суы Жамбыл көшесін аяқсумен қамтамасыз етуде.

Одан бөлек, ішкі тазалық, аяқ су мәселелері уақытылы атқарылуда және Қараөзек өзаніндегі Қожатай бөгеті бөгеліп, ауыл маңы көлдері суландырылуда.    

Есепті кездесулерде аудан әкімі Жандос Еркінбектің осы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды. Ол ауданда атқарылған көптеген тындырымды жұмыстармен қатар, алда атқарылатын ауқымды жұмыстарды да баяндады.

Аудан әкімі тұрғындар тарапынан қойылған, мысалы Төретам кентінен балалар ойын алаңы салынса, жүргізіліп жатқан газ сапасы бақылауға алынса, тазалық мекемесі ашылса деген секілді сұрақтарға жан-жақты жауап берсе, кейбір мәселенің зерделеніп барып жауабы берілетінін еске салды.

Халықпен кездесулер барысында аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы әрқашан да елге ауызбіршіліктің керек екенін, сонда ғана жоғары нәтижеге жететінімізді айтып, тұрғындарды бірлікке, ынтымаққа шақырды.

Есеп беру кездесулерінде аудан әкімінің орынбасары Айдын Әнуар, мәслихат депутаттары, бөлім басшылары қатысты.

 

Тағы да оқыңыз: