Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында Қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шараны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, «Жомарт жан» орталығы және «Құранға қызмет» қайырымдылық қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Кештің шымылдығы медициналық колледж студенттерінің өнерімен ашылды. Олар қазыналы қарияларға арналған концерт қойып, ән мен жырдан шашу шашты. Жиынға қатысқан ақ жаулықты әжелер мен ардақты қариялар жастардың ізгі ниеті мен ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы, «Жомарт жан» орталығының үйлестірушісі Нұргүл Ақсақалова және «Құранға қызмет» қорының қалалық жетекшісі Бақдәулет Ақназар құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлерге ізгі тілектерін жеткізді.

Кеш аясында «Аман ба?», «Ләйлім», «Өзгеше биле» әндері орындалып, «Адай» күйі күмбірледі. Сонымен қатар домбырадан төгілген күйлер, термелер мен ұлттық билер ұсынылып, жас өнерпаздар қарттарға рухани сый тарту етті. Әсіресе, «Құдаша биі» кештің сәнін келтіріп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шара соңында ардагерлерге сый-сияпаттар табысталып, қарттар мен жастар бірге өнер көрсетіп, мерекенің мазмұнын байыта түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қарттарға құрмет көрсету – халықтың қастерлі дәстүрі, ал олардың ақ батасы мен өмірлік өнегесі – жас ұрпақ үшін баға жетпес қазына.

Тағы да оқыңыз: