Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы қалалық әкімдік және «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС басқармасымен бірлесіп, бау-бақша егіп, азық – түлік қорын жасаймын деген тұрғындар үшін жер телімдерін беру жұмыстарына қатысуда.
Осыған орай қазіргі таңда қала тұрғындары үшін Қарауылтөбе ауылдық округінен 10 гектар жер бөлінді. Әрбір отбасына маусымдық кезеңге картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егуге 10 сотық жер беріліп, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» қолдауымен егіндік жерлер дайындалып, аяқ су жеткізілетін болады.
Бұл тұрғыда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларына Қызылорда қаласы мен қатар барлық аудандар бойынша егін егуге ынта білдірген тұрғындарға жер телімдерін бөліп, қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бұл жұмыстар бірінші кезекте халық тұтынатын тауарларға және ішкі нарықты қамтамасыз ететін өндірістер ашуға бағытталуы тиістігін де атап өтті.
Облыста қолға алынып отырған бұл жұмыстар Мемлекет басшысының азық-түлік тауарларын өндіру мен баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған тапсырмасымен де сәйкес келеді. Сондықтан тұрғындарға жасалып отырған қолдау азаматтардың бау-бақша дақылдарын егіп, өз қамын жасап ғана қоймай, ішкі сұранысты қанағаттандыруға ықпал ететіні сөзсіз. Барша жерлестерді берілген мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырамыз.
