Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласына қарасты ауылдардың инфрақұрылымдық жүйелерін дамытуда атқарылып жатқан нәтижелі істер байқалады. Атап айтсақ, Қарауылтөбе ауылдық округінде ілкімді істер көп. Бұл туралы ауыл әкімі Еркін Ахетов мәлімдеді.

Былтыр ауыл тұрғындарының өтінішімен 150 орындық ауылдық клубтың іргетасы қаланған. Бұл өз кезегінде жұртшылықтың көптен күткен қуанышы болды. Сонымен қатар ауылдағы көлемі 6800 шаршы метрді құрайтын Әбдіхалықов бейіті аумағына қоршау жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек ауызсу жинау қоймасы қолданысқа беріліп, жол қауіпсіздігі мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Байсейітов көшесінің 400 метріне жарық шамдар орнатылған. Сондай-ақ ауылға 21 жол белгісі қойылған. 

Ауыл балаларына «Балалар жылы» аясында «Строй модульАстана» ЖШС-ның демеушілігімен ойын алаңы салынған. Сондай-ақ кәсіпкер қолдауымен кіре беріс жол бойына аялдама орнатылған. Өткен жылы атқарылған істерді саралаған ауыл әкімі Еркін Ахетов брифинг барысында алдағы атқарылатын жұмыс жоспарымен де бөлісті. – Биыл жоспарымызда округтегі жаңадан қоныстанушы аумақтағы жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 12 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Қазіргі таңда 8 дана КТПН, электр бағаналарын орнату жұмыстары, сондай-ақ округтегі жаңадан қоныстанушы аумаққа техникалық су тарту ұңғымасын және А.Иманов көшесінің бойындағы №6-ТС техникалық су тарту ұңғымасын орнату жұмыстары жүргізілуде. 

Бұдан бөлек округке кіреберіс жолдың бойындағы R-1 каналына жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы үшін жобасметалық құжаттары дайындалуда. Ал С.Байсейітов, Ж.Әбдіхалықов, А.Құнанбаев, Желтоқсан көшелерінің бойына, жаңадан қоныстанушы аумаққа жаяу жүргіншілер жолын салу мақсатында қажетті құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді, – деді ауылдық округ әкімі. Қарауылтөбе ауылдық округі әкімінің айтуынша, былтыр 17 шағын кәсіпкерлік нысан ашылған. 

Бүгінде елді мекенде кәсіпкерлік саласында 112 нысан жұмыс істейді. Мұның барлығы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асқан. Мемлекеттік бағдарлама игілігімен 43 миллион теңгенің 8 жобасы мақұлданса, «Еңбек» бағдарламасымен 17,2 миллион теңге болатын 14 жобаға қайтарымсыз грант берілген. 

карауылтобе.jpg

Тағы да оқыңыз: