Kyzylorda-news.kz. «Еңбек бәрін де жеңбек» деген қазақта жақсы сөз бар. Расында адал еңбек етіп, ұрпағына адал ас ішкізген адамның қашанда айы оңынан туып, өмірі шаттықты, күні жарық болмақ. Біздің арамызда белгілеп алған мамандығы болмаса да, ауыр еңбектен бел жазбай жұмыс істеп, отбасын асырап, балаларын жетілдіріп, абыройы артып жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – Шижаға ауылындағы Елеу Көшербаев атындағы № 57 мектептің техникалық жұмысшысы Жетпісбай Жалпыбаев. 

Ерен еңбегімен танылған азаматты ел «Жетен» деп атайды. Сонау 1984 жылдан бері ауылдағы білім ордасы саналған мектептің құрылыс жұмыстарынан бастап атсалысып, мектеп пайдалануға берілген шақта балаларға техникаларды жүргізуді меңгертетін нұсқаушы болып еңбек жолын бастаған. Бертін келе  мектеп бағдарламасынан мұндай оқытулар ығыстырылған шақта шаруашылық жұмыстарына кіріскен. 

– Шижаға – менің туып өскен жерім. Екі жыл әскер қатарында болып келген соң еңбек жолымды бастадым. Ол кезде жаспыз, ешқандай жұмысты талғамай, менің міндетім емес деп қарамай, бел ортасында жүрдік. Әркез өзіме жүктелген міндетті тыңғылықты орындау менің адамдық алға қойған мақсатым болды. Оның үстіне туған жерге қызмет етсең, ол еңбегіңе саған ақы төлесе тіпті ғажап емес бе?! Сондықтан ешқандай жұмыстан арланып, бас тартқан емеспін. Ең бастысы, ешкімнің ала жібін аттамай адал еңбек етуді ғана ойладым, – дейді Жеткерген Ержанұлы.

Ол 1989 жылы жары Гүлімхан екеуі шаңырақ көтереді. Ол кісі де қарапайым еңбек адамы. Ауылдағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етуде. Қазіргі күні жарасымды жұбайлардың шаңырағынан өсіп-өнген үш ұл да өз теңін, ортасын тауып, елге қызмет етіп жүр.


– Үлкен ұлым Ғалымжан қазір аудандық күзет бөлімінде еңбек етуде. Онан кейінгі ұл Азамат «ҚазақОйл» жанар-жағармай бекетінде инженер, ал кіші ұл Саят Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқуда. Гүлімхан екеуміз ақ жағалы киім киіп, лауазымды қызмет атқарып, басшы болмасақ та, балаларды адалдыққа, адамдыққа баулыдық. Аллаға шүкір, ұлдарым теріс қылығымен бізді ұялтқан емес. Бала кезден арманшыл болып өсті. Діттеген мақсатына еңбектеніп жетуді үйренді, – дейді кейіпкеріміз. 

Жетпісбай Ержанұлын осындай адамдық болмысы ұжымдастары арасында да құрметін арттырған. Оның еңбегін көзкөрген ауылдастары жақсы біледі. Және жоғары бағалайды. Кейінгі буын жастарға да ақылын айтып, ылғи өнегелі тәрбиесін сіңіріп жүр. 

– Қарап отырсам зейнет демалысына шығатын уақыт та таяп қалыпты. Бәрі күні кешегідей көз алдымда. Осы қасиетті білім ордасына қызмет етемін деп келгенде мүндағы мұғалімдер ғана емес, әрбір жұмысшы оқушыға үлгі болып, тәрбие сіңіруі керек деп ұқтым. Буын алмасып, бізден үлкендер, замандастарымыз өмір жолының иірімімен кете бастады. Маңымызға жастар тобыры жиылды. Ылғи оларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, ақылымды айтып отырамын. Бәрі осы ауылдың балалары. Сондықтан өз бауырымнан, баламнан кем көрмеймін, – деп сөзін сабақтады Жетпісбай Ержанұлы.

Иә, біздің бүгінгі тақырыпқа арқау болған кейіпкеріміз бала кезден туған жерге қызмет қылуды мақсат етті. Және сол мақсатына жету жолында қарапайым еңбек адамы бола жүріп, өзінің адалдығының арқасында ел алдындағы сый-құрметін еселей түсті. Қадірлі болу үшін қызметкер болудың қажеті жоқ. Тек үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, тура жолыңнан таймасаң болғаны.

Тағы да оқыңыз: