Kyzylorda-news.kz. Ақмая ауылдық округінде 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған конференция өтті. 

«Қуғын-сүргін құрбандары – алаш жұртының зиялылары» атты конференцияға Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Гүлжанат Сейітова және Шиелі ауданы бойынша ұлтаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Самал Абызбаева ашып беріп, өз пікірлерін білдірді. 

Басқосу – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, ерлігіне тағзым етуге арналды.

Өткен ғасырдың бірінші жартысындағы саяси қуғын-сүргін сан тағдырды тәлкек етті. Нақақтан жер аударылған, әділетсіз сотталған, көрсетіндімен өлім жазасына кесілген мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырап, зобалаңға душар болды. Қуғын-сүргін кезеңінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Бұл санның артында сүргіннен зардап шеккен миллиондаған отбасылардың тақсіреті жатыр. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, өзге де ұлт зиялылары болды. 

Сонымен қатар, Ақмая ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағанбетов, кәріс ұлтының өкілі Лян Светлана қуғын сүргін туралы ой пікірлерін айтты. 

«Бұл есімдер исі қазақ елі қасіретінің жаңғырығындай. Ұлы даланың қыран ұлдары ұлт идеясы үшін күресіп, басын бәйгеге тікті. Қылтасынан қиылған сом тұлғалар тарих бедерінде алтын әріппен жазылды. Өйткені, олардың үміті мен арманы шындыққа айналды. Кейінгі жас буын егемен мемлекеттің аумағында асқан әрі еркін өмір сүруде», – деді Ақмая ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағанбетов.

Бір сөзбен айтқанда, зобалаң жылдарды бастан кешкен әр арыстың айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен «тар жол тайғақ кешуі» ақмаялықтардың есінде. Конференция соңында Акмая ауылдық мешітінің имамы Ғани Мақұлбеков қуғын-сүргін құрбандарына Құран бағыштады.

Тағы да оқыңыз: