Kyzylorda-news.kz. ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының әдіскері Нұржан Набатова қар жейтін баланың ағзасына темір жетіспеуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Серуен кезінде баланың қар жеуі немесе мұз жалауы жиі кездеседі. Қардың өзі ұсақ мұз кристалдарынан, судан тұрады. Әйтсе де, жерге жауған қардың, жауын-шашынның құрамында тұз, мұзды еріту үшін себілген реагенттер, бактериялар, вирустар, құс және жануар зәрі, шаң, кір секілді бөгде заттар болуы мүмкін.

«Бұл жерде балаға неліктен қар жеуге болмайтынын дұрыс түсіндіру маңызды. Мысалы біз балабақшада даладан қар әкеліп, оны балалармен бірге ерітіп, зерттеу жасаймыз. Еріген қар суын кранның таза суымен салыстырып қараймыз. Сол кезде балалар қар суының таза еместігін, мөлдір еместігін, кір, шаң, шаш секілді бөгде заттардың тұнғанын көріп, өздері ой түйеді.

Жалпы балалар неліктен қар жеуге құмар? Бұл баланың шөлдеуіне байланысты болуы мүмкін және ағзадағы темір тапшылығына да байланысты. Баладан «Шөлдеп тұрсың ба?» деп сұрау керек, термосқа жылы су немесе компот алып шығу керек. Ал бала шөлін қандырып тұрып, бәрібір қарға аңсары ауса, анализін тапсырып, темір тапшылығы бар ма, соны анықтау керек», - деді Нұржан Набатова.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: