Kyzylorda-news.kz. Заңға сәйкес, 1,5 мыңға жуық адам рақымшылыққа ілігеді. Яғни, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады.
Ал ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін азайту көзделген.
Амнистия террористерге, рецидивистерге, адамды азаптағандарға, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға, мемлекетке опасыздық жасағандарға қолданылмайды.
Бүгін Сенатта өткен баспасөз мәслихатында тілшілер Бас прокурордың орынбасарынан қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар санатына кімдер жататынын, сондай-ақ Қайрат Құдайберген (кәсіпкер) мен «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің осы санатқа қатыстылығын сұрады.
«Бізде жалпы 20 шақты адамның әрекеті (қаңтар оқиғасы кезінде) жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы ретінде қылмыстары сараланған. Оларға рақымшылық жасалмайды, тек қатысушылар рақымшылыққа ілігеді. Қаңтар оқиғасында қылмыс жасағандардың басым бөлігі қатысушылар болып саналады. Олардың саны шамамен 700 адам. Олардың бәріне рақымшылық жасалады, ал жаппайы тәртіпсіздік ұйымдастырған 20 адам рақымшылыққа ілінбейді», - деді Әсет Шындалиев.
Осы орайда ол Қайрат Құдайбергенге ұйымдастырушы айыбы тағылғанын нақтылады.
