Kyzylorda-news.kz. Қаңтар оқиғасы кезінде «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев кімнің ұйымдастыруымен әрекет еткені белгілі болды, деп хабарлайды Экспресс К.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, Арман Жұмагелдиевке Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген, Махатов криминалдық тобының белсенді мүшесі болуға көмектескен. Экс-депутат Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйіне ұйымдасқан түрде келген бандиттерді қаруландырған. Ал Арман Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, адамдар тобын басқаруды өз қолына алып, билікке бұлтартпас талап қою үшін «халық кеңесі» дегенді құруы тиіс болған. Алайда «Дикий Арман» бастаған жігіттер жаппай наразылықты басқара алмаған.
Айта кетейік, Арман Жұмагелдиевке жәрдемдескен Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген сәуір айының соңында Қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды.
«6 қаңтарда ұйымдасқан қылмыстық топ Алматы қаласының әр жерінен 24 кездейсоқ адамды ұрлап кеткен. Сосын «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингінде оларды ұрып-соғып, ұстап отырған. Кейін оларды қаланың шетіне апарып, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен контейнерде түнеткен. Одан кейін оларды әуежайға жеткізген, сол жерде Өтепбаев азаптаудан қайтыс болған. Біз осы деректер бойынша тергеуді аяқтадық. Қазір құжаттармен танысып жатыр», - деді Бас прокурор.
