Kyzylorda-news.kz. Иесіз ит пен мысықтың қоғамға зияны – қазіргі таңда мемлекет үшін басты мәселелердің бірі болғаны сөзсіз. Бүгінде көше кезіп жүрген қаңғыбас ит пен мысық тұрғындар үшін қауіп тудырып отыр. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушы болса, ал құтыру белгілері байқалғанда адамға агрессивті шабуылдайды. Мұның салдары адам өліміне алып келуі де мүмкін. Жалпы қаңғыбас ит пен мысық көбінесе асыраушысы жоқ болғаннан немесе иесін жоғалтып, адасып кетуден пайда болып жатады. Әрине мұндай иесіз жүрген ит-мысық әр жерді паналап, күл-қоқыстың арасында түрлі қалдықтармен қоректеніп, күн көреді. Осыдан кейін үй жануарының ағзасында түрлі жұқпалы аурулар туындайды. 

Соңғы уақытта қаңғыбас иттердің қатысуымен болып жатқан талай келеңсіз оқиғалардан әлеуметтік желі арқылы хабардармыз. Оның ішінде, әсіресе балалардың бұралқы иттен зардап шеккенін естіп, көріп жүрміз. Соның бірі жақында Арал ауданында 7 жасар оқушыны бұралқы ит қауып, салдарынан бала ауыр жарақат алған болатын. Абырой болғанда оқушы аман-есен. Бірақ алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайдың қайталанбауына кім кепіл?!

Иесіз ит-мысықтан қауіп көп

«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, жергілікті халық тарапынан қала көшелерінде жүрген қаңғыбас ит пен мысықтың адам өміріне, оның ішінде бала өміріне қауіп төндіруі жайлы арыз-шағым көбейген. Көше кезген бұралқы иттер бас шаһардың орталық көшелерінде, Мерей және Наурыз мөлтек ауданы, Тасбөгет кентінде, сондай-ақ Шанхайдағы Тайманов көшесі мен сол жағалаудағы тұрғын үйлер маңында топтасып жүреді. Тұрғындар мектепке баратын балалары үшін уайымдап, аман-есен барып келуін тілеп, сабақ бітісімен баланың алдынан күтіп алуды жөн көретінін айтуда. Бала түгілі үлкен адамдардың да қаңғыбас иттерден жүріп-тұруы қиынға соққан. 

«Үйіміздің маңында иттер қаптап жүр. Адам жүре алмайды. Балалардың сабаққа баруы қиын. Жақында велосипедпен келе жатқан баламның аяғын ит тістеп алды. Абырой болғанда баламның денсаулығына зақым келмеді. Бұл туралы кімге шағымдансақ болады?» – дейді ит қапқан баланың анасы.

Қаланың сол жағалауында тұратын тұрғындардың сөзінше, көпқабатты үйдің маңы да иесіз ит-мысыққа толған. 

«Бала-шағамыз аулада ойнайды, адам көп жүреді, кейде тіпті этажға кіре алмаймыз. Соған бір шара қолдансаңыздар» дейді қала тұрғындары.

Иесін тапқанша ит-мысықты жоймайды

Қызылорда облысының ветеринария басқармасы мамандарының айтуынша, тұрғындардан түскен арыз-шағымдар бойынша жауапты мамандар тарапынан тиісті шаралар қабылданады. Сондай-ақ қаңғыбас иттердің санын реттеуді қамтамасыз ету бойынша Call-центр жұмыс жасап, арнайы бригадалар қызмет атқаруда.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы бойынша біздің мекеме тарапынан иесіз ит-мысықты аулап, жою үшін қажетті барлық құралдар тәркіленді. Жаңа заңда қараусыз қалған ит-мысықты иесі табылғанша, 2 айға дейін ұстау көзделген. Бірақ бізде жануарларды уақытша ұстау пункті, жануарларға арналған оңалту орталығы секілді кешендер жоқ. Осы үлкен мәселеге айналып отыр. Тұрғындар тарапынан наразылық көбеюде. Әрине тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші орында. Қазіргі күні мектеп, балабақша айналасы, адам көп шоғырланатын қоғамдық орындар басты назарға алынып, тиісті жұмыстар жалғасуда. Иесіз үй жануарлары адамға шабуыл жасап, өміріне қауіп төндірген жағдайда арыз-шағымдарын өңірлік ветеринарлық станцияаға хабарласып айта алады» дейді Ақниет Нұрланқызы.

Жануарлар мен адамға ортақ жұқпалы құтыру, эхинококкоз және т.б аурудың алдын алу мақсатында 2021 жылы облыс бойынша 24 828 бас қаңғыбас ит мысықтар ауланып, жойылған. Бүгінгі таңда тұрғындардың өтініштері негізінде адам денсаулығына қауіп төндірген және агрессивті 4 492 бас ит ауланды.

Жоғарыда айтып өткендей, облыста қаңғыбас және иесіз қалған үй жануарларына арналған арнайы уақытша ұстау орындары мен панажайлар жоқ. Осы мәселе бойынша алдағы уақытта бекітілген ережелерге сәйкес, панажайлардың құрылысын салу мен басқа да жұмыстар заңда белгіленген  тәртіп бойынша атқарылмақ. Қазіргі таңда Шиелі ауданындағы бір бос тұрған ғимарат қаңғыбас және қараусыз қалған ит-мысықтарды қарапайым типтегі уақытша ұстау орны ретінде дайындалған. Сонымен қатар Қызылорда қаласында да жер телімі нақтыланып, Қызылорда қаласы әкімдігімен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Әрине жоғарыда айтылған жұмыстардың шығынын өтеуге, сондай-ақ жаңа заңды толыққанды іске асыруға қыруар қаржы керегі айтпасақ та белгілі. Осы ретте айтылған мәселелер бойынша бюджеттен қаржы бөлуді басшылыққа алуға ұсыныс та жасалыпты. Алдағы уақытта қаржы мәселесі толықтай шешімін таппақ.

Заң не дейді?

Қазақстандықтардың қаңғыбас ит-мысықтарға деген көзқарасы екіге бөлінді. Бірінші тарап «иесіз үй жануарларынан келетін қауіп көп, сондықтан оларды аулап, атып болсын санын азайту керек» десе, келесісі «иесіз ит пен мысықты өлтіру жауыздық, мемлекет гуманизм қағидаларын сақтап, бұларға пана тауып беру керек» дейді. 

Әрине, қоршаған ортаны қорғау, жануарларға жанашырлық таныту адамзат үшін ортақ міндет екені түсінікті. Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданды. Енді дамыған елдер секілді бізде де жануарларға деген қөзқарас өзгереді. Яғни жаңа заң бойынша «ит-мысықтарды асырау және серуендету қағидалары, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары деген сөздер» «үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары, жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары» деген сөздермен ауысқан. Сол себепті қазіргі кезде облыста қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жұмыстары тоқтап тұр.

Сонымен бірге жануарды азаптауға, қинауға, өлтіруге және төбелестіруге, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізуге жол берілмейді. Керісінше оларға дер кезінде көмек көрсетілуі керек. Ал адамдар осындай әрекеттерге барса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе Қылмыстық кодекске сәйкес бір жылға бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады. 

Үй жануарларын ұстау бойынша тиісті талаптар  мен ережелер де бар. Олардың негізгілері мысалы, жануарды асырап, бағып күткен соң, ол жануар адамның жауапкершілігінде болады. Яғни жануардың қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеу, ветеринариялық-санитариялық қағидаларды сақтау, оларға уақытылы жағдай жасалуы тиіс.

Түйін: «Иесіз ит-мысықты аяймыз деп жүргенде адамдардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады?» – деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Десе де, егесіз ит-мысықтың көбеюіне кейде тұрғындардың өздері де себепші. Үй жануарына жауапкершіліксіз қарап, қараусыз жіберетіндер көп. Ал оқыс оқиға орын алса, кінәліні іздейтініміз тағы бар. Сондықтан қала тұрғындары асыраған ит-мысықтарына аса жауапкершілікпен қарап, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзбағаны абзал. 

Жандос Жазкен

WhatsApp Image 2022-11-04 at 15.08.02 (1).jpegWhatsApp Image 2022-11-04 at 15.08.01.jpegWhatsApp Image 2022-11-04 at 15.08.00.jpegWhatsApp Image 2022-11-04 at 15.08.00 (1).jpegWhatsApp Image 2022-11-04 at 15.08.02 (2).jpegWhatsApp Image 2022-11-04 at 15.08.01 (1).jpeg
 

Тағы да оқыңыз: