Kyzylorda-news.kz  «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Талсуат елді мекенінде орналасқан Ұлттық балаларды оңалту орталығында болып, онда ем қабылдап жатқан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балғындарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Филиал төрағасы алдымен орталықтағы балаларға жасалған жағдаймен, медициналық және әлеуметтік оңалту үдерісімен танысты. Сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен ерекше балаларға арналған Жаңа жылдық кешті тамашалады.

Құттықтау сөз сөйлеген филиал төрағасы Жандос Базартай елімізде және өңірде балалардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы өмір сүруі, толыққанды дамуы мен қоғамға бейімделуі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Елдің болашағы әрі әрбір отбасының бақыты саналатын бүлдіршіндерге жан-жақты қолдау көрсету «AMANAT» партиясының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, олардың құқықтарын қорғау, қолжетімді орта қалыптастыру және бақытты балалық шаққа жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Іс-шара аясында «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері ерекше балаларға арналған мерекелік концерт ұйымдастырып, бағдарлама барысында балаларға арналған театрландырылған қойылымдар, ән-би ұсынылып, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ балаларға партия атынан Жаңа жылдық сыйлықтар табысталды. Шара балғындардың жүзіне қуаныш сыйлап, жылы әсерге толы мерекелік көңіл күйде өтті.

Тағы да оқыңыз: