Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша республика көлемінде алғашқы бестікке еніп отыр. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков мәлімдеді.
«Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын құру мен кірісті ұлғайтудың басты факторы – кәсіпкерлікті дамыту екені белгілі. Биылғы жылдың 10 айында облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлердің саны 22,3 пайызға ұлғайып, 69 415 бірлікке жетті. Нәтижесінде, жұмыс жасап тұрған белсенді кәсіпкерлердің саны 27,5 пайызға ұлғайып, 64358 бірлікті құрады. Тіркелген кәсіпкерлер санының өсу қарқыны бойынша облыс республикада 4 орында болса, белсенді кәсіпкерлердің өсу қарқыны бойына 5 орында», - дейді Қамбарбек Мүбәраков.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 20 млрд. теңгеден астам қаржы тартылды. Оның ішінде, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 9,5 млрд. теңге, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына 2,9 млрд. теңге қаржы қарастырылған.
«Өнеркәсіп саласы төмендеуіне қарамастан, өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалуда. Биылғы жылдың 10 айында өңдеу саласында 194 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсімі 8,3 пайызды құрады. Айта кету керек, өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша облыс алғашқы бестікке енді. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібін дамытудағы басты жаңалық – шыны зауытының іске қосылып, қазан айынан бастап өнім өндіруі. Бүгінгі күннің өзінде 17 мың тоннаға жуық шыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Алдағы уақытта Өзбекстан Республикасына экспорттау көзделуде. Атап өту қажет, зауытты іске қосу арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың белдеуін дамытып, 8 ілеспе кәсіпорын құруға жұмыс жүргіземіз», - дейді басқарма басшысы Қамбарбек Мүбәраков.

