Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», белгілі сатирик, жиырма жылдан аса облыстық «Сыр бойы» газетінің Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі болған, бүгінде «Шарайна-Сейхун» басылымының директор-редакторы Нұрмахан Елтай биыл жетпістің желкеніне жетіп отыр. Осыған орай аудандық орталық кітапханада тағылымға толы кездесу кеші өтті.

Мерейлі кешке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев, аудандық «Өскен Өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Аруна Өркенқызы, зиялы қауым өкілдері, жас жеткіншектермен бірге БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов сөз алып, жетпістің желкеніне шыққан Нұрмахан Елтайды мерейлі мерекесімен  және «Шарайна-Сейхун» газетінің 10 жылдығымен құттықтап, дәстүрге сай сый-құрмет көрсетіп, қара домбыраны сыйға тартып:

– Нұрмахан ағамызды өздеріңіз өте жақсы білесіздер. Аймаққа белгілі журналист, жазушы. Облыстық «Сыр бойы» газетінде талай жыл қызмет атқарып, газеттің сатиралық беттеріне редакторлық етті. «Қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» деп ата-бабамыз айтпақшы, бүгінде ағамыз басқарып отырған «Шарайна-Сейхун» газетінің құрылғанына да 10 жыл толып, қос қуанышты қатар атап өткелі отырмыз. Газет осы жылдар ішінде Нұрмахан ағамыздың біліктілігінің арқасында белді басылымдармен иық тіресіп, өндірісі-өркенді, әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқынды жолына түскен Шиелі ауданының жағымды жаңалықтарының жаршысына айналып, билік пен бұқара арасындағы алтын көпір ретінде көпшіліктің жүрегіне жол таба алды, – деді.

Одан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаилда өзінің ыстық лебіз тілегін білдіріп, жазушының өмірі жайлы сыр шертіп, ұйымдастырылыған игі шараға мұрындық болған аудан әкімдігіне алғысын жеткізіп:

– Мен Нұрмаханды жақсы білемін. Өйткені, екеуміз әскер қатарында бірге болдық. Жалпы, Нұрмахан жайлы ауыз толтырып айтарлық әңгіме де, естелік те жетерлік. Шиелі ауданы бойынша жалғыз жазушылар одағының мүшесі болу да үлкен құрмет. Нұрекең осы бір абыройға өзінің білімі мен біліктілігінің және еңбекқорлығының арқасында осындай дәрежеге жетті. Шалқар шабытыңыз теңіздей шалқып, қаламыңыздың қарымы қайтпай, танымдық туындыларыңыз көптеп жарық көре берсін, – деді.

Шарада аудандық орталық кітапхана қызметшісі Нұрмахан Елтайдың жарық көрген кітаптары мен шығарма-әңгімелерін таныстырса, Алғабас ауылдық округінің кітапхана қызметкері ән айтып, жиналған көрермендерің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар жас жеткіншектер Нұрмахан Елтайға «Бала күніңізде кітап құмар болдыңыз ба?», «Қазіргі уақытта жиі кітап оқисыз ба?», «Алдағы уақытта тағы кітап жазу ойыңызда бар ма?» деген түрлі сұрақтар қойды. Осы қойылған сауалдардың ішінде «Бала күніңізде болашақта қандай маман иесі» болғыңыз келді, деген сұраққа:

– Бала кезімнен әскери адам болуды армандайтын едім. Осыған іштей дайындалып жүретінмін. Сол кездегі ұғыммен әскери болу – үлкен жауапкершілік жүктейтін құрметті мамандық болатын. Сол үрдіспен өзім қай салада да еңбек етсем де, тиянақтылық пен жауапкершілікті бірінші кезекке қоямын. Сондықтан мақала жазсам да, әдеби дүние тудырсам да шабыт іздемеймін, «өзім ойлап, қолға алынған шаруаны бітіруім керек» деген сеніммен қолыма қаламымды алсам, шабыт өзі келеді. Шаруашылықта комсомол-жастар бригадасының бригадирі кезімде аудандық газетте «Көкине» атты сатиралық беттің жүргізушісі болдым. Ауылдан жиырма шақырым жердегі егіс алқабынан атпен кештетіп келіп, үйде түнімен әзіл-сықақтарымды дайындап, таңертеңгі автобуспен жүз шақырым жол жүріп, аудандық газеттің редакциясына тапсырып кететінмін. Осылайша шығармашылықтан да, шаруашылықтан да қол үзген емеспін. Тағы айта кетерлігі екі мыңыншы жылдары «Хан алшы» атты аймақтық газет шығарған да кездерім болды. Қазіргі «Шарайна-Сейхун» газеті сол жобалардың жалғасы, – деп жауап қайтарды.

Айта кетейік, Нұрмахан Елтай «Жайма базар», «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Үшінші тайм», «Ауылдың айтқыштары», «Сыпыра сыйлық», «Көкиненің көзі» атты кітаптарының авторы. Сонымен қатар сатиралық әңгімесімен қоғамдағы келеңсіз олқылықтарды астарлы әзілмен өрнектеген сын туындылары бар сатирик 1000-нан астам очерк пен мақаланың авторы. Қазақта «Көңілде жатқан кіріңді, оттай ыстық сөз шаяр» деп тегін айтпаса керек-ті. Қаламы қуатты қаламгер сықақ әңгіме жазғанда оқиғасы да шындық, әр сөзі сатираға құрылып маңызын арттыра түседі.

Тағы да оқыңыз: