Kyzylorda-news.kz. Қазалы қаласында автокөліктерге арналған шеберхана жұмыс істеп тұр. Оны ашқан жас кәсіпкер Фархат Баймұратов «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатысып, жеңімпаз атанған.

Қазір автокөліктердің саны да түрі де көп. Жыл санап жеке көлік мінушілер қатары қалыңдады. Бұған сай автокөліктердің қосалқы бөлшектер мен түрлі автоөнімдерге де сұраныс артып келеді. Осы ретте, кәсіпкер автокөліктерге арналған жапқыштар мен төсеніштерді түрлі дизайн мен көлемде дайындап береді.

«Жалпы автокөлікке деген қызығушылығым бала күнімнен бар. Көліктерді жөндеу, сәндеу менің хообим десем болады. Алғашында рульдерді қаптап жүрдім. Бертін келе бұл кәсіпке сұраныстың барын сезіп, кеңейтуді мақсат тұттым. Кәсіпкерлік білім алып, мемлекет тарапынан берілетін қаржыға да қол жеткіздім. Ол ақшаға арнайы тігін машинасын сатып алдым. Ол аппаратта 12 түрлі жіп бар. Тапсырыс берушінің таңдауына қарай түрлі дизайнда сурет немесе өрнек салып береміз. Есім жаздыратындарда бар. Дизайнды компьютер арқылы дайындап, флешка арқылы аппаратқа енгіземіз. Қазір жастардың талғамы жоғары. Заманауилықты, әсемдікті жақсы көреді. Тұтынушының талғамынан шығу үшін сапалы жұмыс істеуге тырысамыз», – дейді кәсіпкер.

Бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отырған Фархат Баймұратов қажетті материалдарды үлкен қалалардан алдырады. Өзі қалағандай сапалы әрі сәнді бұйымдар көбіне Шымкент қаласынан табылады екен. 

Бүгінгі кейіпкеріміз «Көз қорқақ, қол батыр» деген ұстанымда. Кез келген істі бастарда «келешегі қалай болмақ?» деген ой әркімде болады. Ал  Фархат ұзақ ойланбастан тез шешіп қабылдап, тәуекелге бу буады.  

«Ең бастысы – істі бастап кету. Сосын тек алға қарай ұмтылу керек. Бірден бәрі оңынан бола қоймады деп, кері шегінсең, ешқашан нәтиже көрмейсің. Бірде құлап, бірде өрлеп, еңбек етесің. Тек «маған қол емес екен» деген сөзді санадан шығарып тастау керек. Сонда ғана жемісі жейсің», – дейді кәсіпкер Фархат Әбдімұратұлы.

Тағы да оқыңыз: