Kyzylorda-news.kz. Шаһардың шырайын келтіру, тазалығын сақтау – басты міндет. Бүгінде бұл міндет бойынша әр сенбі сайын қалада қызу тірлік басталды.

Санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру айлығы аясында қала көлемінде жаппай тазалық акциясы өткізілуде. Оған «Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті», - деп ұстанған әр мекеме қызметкерлері мен жастар белсенді түрде қатысуда. Айталық, наурыз айының соңында өткен сенбілікке мекемелерден 1700-ден аса қызметкер және 40-қа жуық арнайы техника жұмылдырылып, қала аумағын қоқыстан тазарту жұмысын жүргізген еді. Олар шөп шауып, арық арналарын тазартты және көшет отырғызды.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметі бойынша, қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында ағымдағы жылға жергілікті бюджеттен 484,7 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазіргі күні барлық конкурсқа мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Қаланы абаттандыруға 564 миллион теңге бөлінген

Абаттандыру жұмысына келетін болсақ, өткен жылы 564 миллион теңге бөлінген-ді. Атап айтқанда, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру, машина және механизм қызметі, брусчатканы жөндеу, қоршауларды жуу мен сырлау, ескерткіштерді, су бұрқақтарын, аялдамаларды, аллея мен скверлерді, Қызылорда қаласының паспорттарын, контейнер алаңдарын, бильбордтарды, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағын, қаладағы балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау және жөндеу жұмыстары жатады. 

Мамандардың айтуынша, осы аталған жұмыстар толығымен орындалды. Сонымен қатар биыл да жүзеге асырылуда. Оған қоса күнделікті қаладағы жарықшамдар мен аялдамаларды тазалау жұмысы да қолға алынған. 

Көшелерді тазартуға биыл 836 миллион теңге қаралған

Қаланың санитарлық-тазалығы бойынша «Қызылорда тазалығы» МКК өз жұмысын тұрақты атқаруда. Осы ретте 2021 жылы санитарлық жұмыстарға 666 миллион теңге, 2022 жылы 699 миллион теңге, 2023 жылы 836 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. 

Қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына қаралған қаржы қаланың 240 көшесін тазартуға бөлінген болса, іс жүзінде 350-ден астам көшеге жүргізілуде. Жаз айларында көше арам шөптерден тазартылып, бордюрлер, көше бойындағы талдар толығымен ақталып, қала көшелеріне екі мезгіл су себіліп, қоқыс қалдықтарынан тазартылуда.
Сонымен қатар қалалық полигонға 2018-2020 жылдары күнделікті 340 шаршы метр қоқыс шығарылса, казіргі таңда күнделікті қалалық полигонға 780 шаршы метр қоқыс шығарылуда. Қала көлемінің ұлғаюынан шығарылатын қоқыс көлемі де 160 пайызға өсіп отыр.

Қаладағы көшелердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін және қала тұрғындарымен қоқыстарды бей-берекет белгіленбеген орындарға тастауынан антисанитариялық жағдайдың алдын алу, үйілген қоқыс алаңдары пайда болуына жол бермеу мақсатында кәсіпорын тарапынан осы жұмыстарға арнайы мобильдік топ құрылып, рейдтік іс шаралар жоспары жасалып, жоспарға сай жұмыстар жүргізілуде.

Тағы да оқыңыз: