Kyzylorda-news.kz Соңғы жылдары қаланың инфрақұрылымы қарқын алған. Бұған автокөлік жолдары, көшелер мен жаяу жүргінші жолдарының жөнделуін, қайта жаңғыртылып, кеңейтілуін мысал етуге болады. Биыл қалада 92 жоба жүзеге аспақ. Сол жобаның бірі – жол-көлік инфрақұрылымын дамыту. Осы бағытта бюджеттің барлық көздерінен 6 милилард теңге қаралған.
Осыған орай биыл біраз ауқымды жұмыс қолға алынды. Қала аумағында жөндеуден өтетін көшелер мен мердігер мекемелер анықталып, тиісті қаржы бөлінді. Тіпті қызу жұмыстың нәтижесі сезілуде. Тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы жағдай жасау үшін шаһарға кіретін күре тамыр жолдардың барлығына мән беріліп жатыр. Осы ретте, әуежай жолы мен Шиелі ауданынан кіре беріс жолдарға кеңейту жұмыстары жүргізілсе, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арқылы «Қызылорда-Құмкөл» жолын қайта жаңғырту үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда.
Сонымен қатар еліміздің бас қаласы Астана бағытынан кіретін Сағымбаев көшесіне қайта жаңғырту жұмысы үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал қаланың магистралды Яссауи мен Жаппасбай батыр көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақтыға кеңейтілді.
Оған қоса Е.Көшербаев көшесі қайта жаңғыртылып, 96 көшеге күрделі, 34 көшеге орташа жол жөндеу және жаңа жол құрылысын салу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарлануда. Айталық, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі аралықта жаңа жол құрылысы салынды. Сонымен бірге Сырдария жағалауының бойынан ескі базар мен «Мерей» шағын ауданы аралығына жаңа жол салу жоспарланған. Жаяу жүргінші жолдары бойынша биыл 2,3 миллиард теңге болатын 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Олардың 40 көшесі – қалада, Тасбөгет кентінен – 6, Белкөлден – 1, Қарауылтөбе ауылынан – 7 жаяу жүргінші жолы. Сондай-ақ жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Қала көлемінде 81 көшені жарықтандыруға 1,4 миллиард теңге бөлінген. Оның елу төрті – қалада, алтауы – Тасбөгетте, он бесі – Сабалақта, бесеуі – Белкөл кентінде, біреуі – Ақжарма ауылдық округінде қолға алынды.
Биыл жол инфрақұрылымын жақсартуда жүзеге асқан тағы бір ауқымды жоба Жаппасбай батыр көшесінің қайта жаңғыртылып, 4 жолақты жолға кеңейтілуі. Жобаның мердігері – «УАД» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Тараз-Технопроект». Төрт жолақты жолдың ұзындығы – 3,3 шақырым. Жобада жаяу жүргіншілер жолын және жарықшамдар орнату қарастырылған. Жаппасбай батыр көшесі – қаладағы магистральды көшенің бірі. Бүгінде осы көшемен көліктер зулап жүріп жатыр. Ал тұрғындар болса, тек алғысын айтуда. Соның бірі – Жаппасбай батыр көшесінің тұрғыны Ибрагим Меңлібаев.
– Шыны керек, қалада тұрғын үй, көше жөндеу болсын, қарқынды жұмыс жүруде. Сенесіз бе, біздің қаланың көшелерін басқа облыс орталығымен салыстырсаңыз, біздікі сапалы әрі түзу көшелер екендігі көңіл қуантады. Сырттан келген адамдардың өздері Қызылорданың көшесін мақтап жатады. Ол рас! Нәтиже бар, – дейді қала тұрғыны.
Облыс әкімінің қолдауымен қалада ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соның бірі – Қожа Ахмет Яссауи көшесін қайта жаңғыртуға арналды. Ұзындығы 3 шақырымға жуықтайтын көше 4 жолақтыға ауыстырылды. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, толығымен жарықтандырылды. Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 6 наурыздан бастап «Қыран» ЖШС-мен жүргізілді. Айта кету керек, қайта жаңғыртудан өтетін көшенің бойы қосымша абаттандырылды.
Мұнан бөлек, көшені абаттандыру жұмыстарына 725 миллион теңге бөлінді. Жоба бойынша теміржолдың екі бетіне тұрғындардың серуендеуіне ыңғайлы аллеялар, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Бұл көше халыққа қолайлы болуымен қатар, Қызылордаға жеткен пойыз жолаушыларының қаланың көркі, тазалығы туралы алғашқы ойын қалыптастырады. Осылайша қаланың орталық көшелері ғана емес, шет аймақтағы көшелер де кеңейтіліп, көркейтіледі.
Аймақ басшысының тікелей қолдауымен «Самара-Шымкент-Қызылорда» аудандық маңызы бар автожолын жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Оңтүстік өңірден қалаға кірер айналма көпір мен аспалы көпірдің арасын жалғайтын жолдың жаңғырту жобасын «УАД» ЖШС атқаруда. Екі ортадағы 4 жолаққа негізделген бұл жолдың ұзындығы 8434 метрді құрайды. Өңір басшысының қолдауымен қаладағы басты жолдар мен көшелердің аясы кеңейтілуде. Соның бірі – Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылындағы қайта жаңғырту жұмысы. Бұл ауқымды жоба 27 тамыздан басталды. Ұзындығы 6 711 метрді құрайтын даңғыл екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыстырылады. Дәл осы кезде автожолдың да, даңғылдың да жұмысы қарқынды жүруде.
Шаһарға сырттан келетін қонақтар кейінгі кезде шаһардың шырайлы жерлерін, кеңейтілген, түзу көшелерін көргендер жоғары бағасын беруде. Соның бірі – Ахмет Байболұлы. Ол – Шымкент қаласының тұрғыны.
– Өзім Қызылорда қаласына тойға келгенмін. Шыны керек, қаланы танымай қалдым. Қатты өзгеріп кеткен, көшелеріне тәнті болдым. Қызылорданың көшелері тақтайдай тегіс, түп-түзу, жап-жарық. Көпке үлгі боларлықтай қалаға айналуда, – дейді мейман.
А.НҰРЛЫ