Kyzylorda-news.kz. Қыс бойы суықтан шаршаған жұрттың жазды асыға күтетіні рас. Қытымыр аяздан шуақты күнге жеткенше күн санап кететініміз бар. Әрине, бар қызық осы мезгілмен келеді емес пе?! Суға түсу маусымы да осы шақта басталады. Бұл әсіресе балалар үшін нағыз қуанышты сәт.  

Иә, Сырдың аптап ыстығында суға түспеу сірә, мүмкін емес. Сондықтан суға шомылудың сәтін үлкен-кішіміз де қалт жібермейміз. Өзен жағасында тұратын тұрғындар үшін бұл тіпті оңынан шешіліп-ақ тұр. Арнайы суға түсу орнына бармай-ақ, өзенге түсіп сергіп алуға болады. Көп адам осылай ойлайды. Солай жақын маңнан өзен жағасына, каналға суға түсіп жатады. Сәтін салып, сергіп алсаң жақсы ғой, соңы қайғыға ұласып жатса қиын. 

Өкінішке орай, бәрі біз ойлағандай қызықты, қуанышты бола бермейді. Қанша асығып күтсек те осы бір маусымның кейде көңілді сәтпен емес, қайғылы жағдаймен есте қалатыны бар. 

Қалалықтар жазда қайда демалады?

Қала тұрғындары жаз маусымында ПМК-29, «Сабалақ», «Эдельвейс», саяжайында орналасқан демалыс орындарына барады. Одан бөлек «Бәйгеқұм», «Қамбаш» көліне жол тартатындары бар. Тұрғындар аталған саяжай аумағына жаз бойы кемі 2 реттен баруы мүмкін. Ал соңғы екі көлге барып жазғы демалыстың нүктесін қояды. 

Осы ретте көпшілік демалатын орынның талапқа сай келмейтінінде атап өткен жөн сияқты. Шағын бассейні бар бір аумақта 10-15 шақты орын бар. Әр орынға бір топ адамның орналасатынын ескерсек аядай жерде қанша адамның шомылатынын ойша есептей беріңіз. Мұндайда санитарлық-гигиеналық талаптың сақтала қоюы екіталай. Одан бөлек, қызмет көрсету сапасы да ойдағыдай бола бермейді. Біздегі ақсап тұрған дүниенің бірі осы. Сондықтан жаз маусымындағы демалыс орнын жетілдіру қажет-ақ.

Жағажай керек

Жоғарыда айтылған аумақтың көбі «жабайы» жағажай саналады. Онда арнайы құтқару жабдықтары не құтқарушылар жоқ. Халықтың өзі белгілеп  алған жағажай, канал, арық сынды орындар.  Айтпақшы, «жабайы» жағажай дегенің де тегін дүние емес. Оған кіру үшін де ақы төлейсің. Ал өзен жағасы, канал, арық дегенге екінің бірі бара алады. Содан да болар, бұл жерге көпшілік отбасымен баруды әдетке айналдырған. 

Уақытында «Эдельвейс» саяжайынан арнайы орын белгіленіп, тегін жағажай салынатыны айтылған еді. Кейін ол аумақтың санитарлық-гигиеналық талапқа сай болмауына байланысты тұрғындар қауіпсіздігі үшін пайдалануға  беруге мүмкіндік болмаған екен.  Жалпы қала тұрғындарының жағажайға мұқтаж екенін аңғару қиын емес. 

– Жаз шықса суға түскіміз келетіні рас. Әсіресе, балалар үйде байыз таппайды. Шомылуға барайық деп күнде айтады. Ата-ана болғасын өтінішін орындағың келеді. Бір-екі рет бассейнге апарасың. Бірақ одан артық баруға шамаң келе бермейді. Қымбатшылық қалтаңа салмақ түсіреді. Бұрын резеңке бассейн сатып алып, сонымен қуантушы едік. Ол да бір жылдан аса уақытқа шыдамайды. Тұрғылықты жерімізде кішігірім канал бар. Бірақ онда түсуге болмайды, қауіпті деп күнде ескертеміз. Түс кезінде өз бетінше үйден шығып кетпеуін қадағалап отырамын. Теледидардан небір жағдайды естігесін уайымдайсың. Қаламызда жағажай болса, тегін қылмаса да кіру ақысын қолжетімді етсе қарапайым халыққа жақсы ғой. Әсіресе балалар қуанып қалар еді. Ондай жағажай салуға мүмкіндік бар деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Мереке Жұмабаева.     

Ақылының ақысы артық 

Қалада рұқсат етілген суға түсетін орындар баршылық. Тек олар жеке кәсіпкерлер меншігінде. Сырдария өзенін жағалай орналасқан аумақтың барлығын дерлік меншік иелері кәсіп көзіне айналдырған. Бірақ онда қайта-қайта бара беруге көптің шамасы келмейді. Жоғарыдағы тұрғын атап өткендей қалтаға салмақ түсіреді. 

Мәселен, қаладағы бір демалыс орнына бару үшін қалтаңда кемі 50 мың теңгең болуы керек. Кіру ақысынан бастап, ішетін суың, жейтін асыңа дейін сол жерден сатып аласың. Ондағы бағаның төмен болмасы белгілі ғой.

«Суға түсуге тыйым салынады»

Тұрғындардың көбі осыған мән бермейді. Суға түсер кезде сол аумақтың оған рұқсат етілген не етілмеген аумақ екенін ескергені жөн. Бұл басының амандығы үшін маңызды. Алайда бұған бас қатыра қоймайтынымыз бар. Соның салдарынан оқыс оқиғалар орын алып жатыр. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Жасұлан Түйменовтың айтуынша, қалада 60 суға түсуге рұқсат етілмеген аумақ бар. Олардың барлығына «суға шомылуға тыйым салынады» деген жазуы бар тақтайша ілінген. Десе де оған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Айтпақшы, биыл суға түсу маусымы басталмай жатып бір жасөспірім тілсіз жаудың құрбаны болды.

Жаз келген сайын жыры бітпейтін мәселенің бірі – осы. Қалай десек те, нағыз аптап ыстықты бастан өткеретін сырбойылылықтар үшін сусыз күн кешу неғайбыл дүние. Күн төбеңді тескенде бір салқындайын деп суға түскен жанды түсінуге де болады. Бірақ соңы орны толмас қайғымен аяқталса, өкінішті. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» бір амал керек сияқты. 

Апта басында қала әкімі Асылбек Шәменов суға түсу маусымына дайындық барысын пысықтау мақсатында жиын өткізді. Онда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Жасұлан Түйменов суға түсу маусымына дайындық жұмыстары және қала бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Сала басшысы қала аумағындағы су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде азаматтардың түрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырап, оның ішінде суға түсу маусымында судағы адам қазасының жиі орын алатындығын жеткізді. Келтірген мәліметке сүйенсек, өткен жылы 12 адам суға кеткен, оның алтауы бала. Аталған жағдайлар Сырдария өзені, Сталин каналы, Қараөзек ауылы, «Абай» жағажайы, ПМК-29 саяжайындағы көлде, «Көксу» демалыс орнында орын алған. Мұның бәрі тұрғындардың судағы қауіпсіздік ережесін сақтамауынан болып отыр. Яғни мас күйінде және су айдынының жабдықталмаған жерінде суға шомылған. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі - қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы, - дейді басқарма басшысы. Бұл жағдайларға байланысты сала басшысы халық арасында және барлық мектептің оқушылары мен ата-аналарының «WhatsApp» желісі арқылы күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: