Kyzylorda-news.kz. Қоғам қайраткері, ақын А.Байтұрсынұлы өзінің даналық сөзінде «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген. Осыдан қаншама жыл бұрын айтылса да, бұл сөздің әлі сәні кеткен жоқ. Тіпті қазіргі заманның адамдарына арналып айтылғандай. Себебі жаһандану деп жар салып  жатқан дәуірде ешкім «екі қолды бос қойдық, алдарыңа ас қойдық» деп отыра алмайды. Әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамуда. Сол даму көшіне біз де ілесіп, әр адам жұмыс істеп, жұмысы жоқтар кәсіп ашып, ілгері жылжуға әрекет ету керек. «Жалқаудың жыры бітпес» демекші, не айтса да кежегесі кейін тартып тұратындар «Жұмыс жоқ» деп сылтаурататыны ақиқат. Осындай жағдай орын алмас үшін қазіргі кезде мемлекет тарапынан кәсіп бастаймын деушілер үшін қайтарымсыз грант ұйымдастырылып жатыр.

Иә, қайтарымсыз грант беріліп жатыр дегенді естіген жұрт тегін ақша таратылып жатыр деп ойлайды-ау, сірә? Әйтеуір, жұмыссыз болсам болды деп 1 млн теңгені алуға асығып келетіндер де бар. Алайда оның артында үлкен жауапкершілік жатқанын көбісі ұмытып кетеді. Кейде ауыл адамдарының бір-біріне «Грант беріліп жатыр екен, қорадағы сиырыңды айтып, ұтып алмайсың ба? Есесіне 1 млн теңге аласың. Оны кім тексеріп жатыр?» деп айтып жатқанын құлағымыз шалып қалады. Сондықтан газетіміздің бүгінгі санында осы тақырып төңірегінде кеңінен көсілуді жөн санадық. 

Бүгінде Ұлттық жобаны іске асыруда бұған дейінгі жүзеге асырылған жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларына біршама өзгеріс енген. Оның бірі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының төрағалығымен өткен 2022 жылдың 12 қаңтары күні кеңейтілген мәжілісте берілген тапсырмаға сәйкес, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бағытталған өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін грант мөлшері 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке яғни, 612600 теңгеден 1 225 200 теңгеге ұлғайды.  Бұл бағытта «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткен сертификаттары бар жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 29 жасқа дейінгі жастар, атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушы жұмыссыз ата-аналар, қандастар, еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланы тәрбиелеуші ретінде жәрдемақы алатын тұлғалар қатарынан қатыса алады. 2022 жылы 381 азаматқа 400 АЕК яғни, 1 225 200 теңге мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік грант беру жоспарланған.  

Шиелі ауданында да қайтарымсыз грант үлестріру қарқынды жүріп келеді. Аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметінше биыл қайтарымсыз грант үлестірудің І легінде 23, ІІ легінде 118, ІІІ легінде 180, ІҮ легінде 62 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген. Олардың ішінде омарта шаруашылығы, сұлулық салоны, кондитер цехы, шағын наубайхана мен жылқы, мүйізді ірі қара, уақ мал шаруашылығы, тігін шеберханасы сынды бірнеше кәсіп түрі бар. Жалпы өткен 2022 жылы 381 адамға оның ішінде, 183 18 бен 29 жас аралығындағы жастар,  21 еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар, 114 көп балалы отбасы ретінде жәрдемақы алушылар, 27 мүгедектігі бар балаға қараушылар, 8 асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар, 28 тұрмысы төмен атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға жалпы 466 млн 801 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілді. Грант алған азаматтар мемлекеттік кірістер басқармасына жеке, дара кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы өз кәсіптерін ашқан. 

Оңай олжа орға жығады

«Арыстан алыстан ақырса, аттың аяғы шалынады» дегендей қай жерде қомақты қаржы бар десе, сол жерде қоныштан басып, ақша алғысы келетіндер де  табылады. Бұл әсіресе қайтарымсыз грантқа тікелей байланысты. «Халық айтса қалып айтпайды» деген өтірік емес. Осы қайтарымсыз грант үлестіреді дегеннен-ақ ел арасында гу-гу әңгіме тарай бастады. Бірі «Бастау бизнестен» сертификат алып беремін десе, енді бірі дайын бизнес жоспар бар деп жан-жаққа жарнама беріп әлек. Мән-жайды білу үшін Қызылорда облысы адвокаттар алқасының мүшесі, Шиелі аудандық заң кеңсесі, адвокат Қанат Жүсіпге хабарласқан болатынбыз. Қайтарымсыз грант үлестіру үшін құрылған комиссия құрамының мүшесі Қ.Жүсіп тек бұл мәселені ғана емес, басқа да келеңсіздікті тілге тиек етті. Яғни, оның айтуынша грант аламын деп келгендердің көбі жаңа идеяларды емес, бұрыңғы кәсіп түрін, нақты айтқанда ата-бабадан мұра болып қалған мал шаруашылығын алға тартып келеді екен. Ал Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – жаңа, тың идеяларға қолдау білдіру. Бұдан бөлек, осы уақытқа дейін қайтарымсыз гранттың тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткені де айтылып қалып жатады. Тұрғындар арасында өзіне тиесілі қаржыны алып, оны мақсатсыз жұмсап, кәсібін аша алмай қалғандары да бар. Ал қазіргі кезде біреуге сертификат дайындатып, я болмаса комиссия мүшесімен келісіп, грант алып беремін деу нағыз алаяқтық десек артық айтқандық емес. Осы орайда Қанат Жүсіп өз ойын былай топшылайды. 

Көпшілік жұрт әлі де бұрынғы, ескі идеяларды әкелуде. Құрт немесе сүт өнімдерін шығарамын деу – жаңа идея емес. Жаңа идеяға ауданға тың өзгеріс әкелетін, ауданның дамуына үлес қосатын кәсіп түрі жатады. Түптеп келгенде мал шаруашылығы – бұрыннан келе жатқан кәсіп. Жақында өткен комиссия отырысында 270 адам бақ сынады. Бірақ ешқайсысында жаңа бизнес идея жоқ. Бұрынғыша бір сарын, бір мәтінді жобалар. Тіпті кімнің қалай жауап беретініне дейін жаттап алғанбыз. Тағы айта кететін жайт, барлық қатысушының бизнес жоспары бірдей болып  тұр. Халықты алдап, оларға бизнес жоспар жасап беріп жүрген заңсыз кәсіпкерлер анықталып жатыр. Соларға әлі хабарлама есебінде жұмыстар жүргізілу керек. Конкурсқа қатысушылар құшақтап келген жоспардың барлығы бірдей болып, тайға таңба басқандай көрініп тұр. Осы жөнінде біз салық комитетіне ұсыныс тастадық. Алдағы уақытта ақшасын мақсатсыз жұмсап я болмаса жалған бизнес жоспар жасаған адамдармен жұмыс істейміз. Егер грантты иеленіп, ақшасы басқа мақсатта жұмсалатын болса, ол талап-арыз бойынша қайта қаралып, өндірілетін болады. 

Рас, инстаграм әлеуметтік желісін ашсаңыз болды «Бизнес жоспар жасап беремін» я болмаса «Сертификат алып беремін» деген жарнамадан көз сүрінеді. Жарнама берушілермен клиент ретінде сөйлесіп едік сертификат алып берудің бағасы – 15 мың теңге, бизнес жоспар жасаудың құны 30 мың мен 50 мыңның арасында екеніне көз жеткіздік. Бұдан бөлек, комиссия отырысынан өтіп, айың оңыннан туып, грант иегері атансаңыз қосымша үстіндегі 100 мың немесе 200 мың теңгесін беруіңіз тиіс деген әңгіменің жұрт арасында желдей есіп жүргенін кімнен жасырамыз? Енді орташа есеппен есептеп көрейік. Комиссия отырысында кем дегенде 1500 адам бизнес идея қорғайды. Бизнес жоспар жасаудың орташа бағасы 40 мың теңге десек, заңсыз кәсіпкерлер 60 млн теңгені қалтасына басып отыр. Ал егер грантқа үміткердің бизнес жоспары қабылданып, қайтарымсыз қаражатты алса жақсы, алмаса ақшасы желге ұшты деген сөз.

Жалпы бизнес жоспар жазу – оңай дүние емес. Сол себепті «Бастау бизнес» ұйымы болашақ кәсіпкерлерді арнайы оқытып, сертификат табыстайды. Сабақ соңында бизнес жоспар жазудың бүге-шүгесі түсіндіріледі. Осылай білім алып, бизнеске қадам басуға ерінетіндер дайын асқа тік қасық болып, сертификатты да, бизнес жоспарды да сатып алуды құп көреді. Ақыр аяғында комиссия отырысына келіп, екі сөздің басын құрай алмай, комиссия мүшелерінің сұрағына жауап бере алмай, тұтылып қалады. Ең сорақысы, қайтарымсыз грантқа ие бола алмай қалса, комиссия мүшелерін кінәлі санап, сан сабалап, айқай-шу шығарады. 

Көпшілікті алдап, дайын бизнес жоспарды бір емес бірнеше адамға сатып, ауадан ақша жасап отырғандар «Аңқау елге арамза молда» деген сөзді еріксіз еске түсіреді. Олай болмағанда ше?! Сырттан қарағанда «Мен барлығын дайындап беремін, соңында грант иегері атанасың» деген сөз кішкентай балаға кәмпит беріп, алдағанмен тең. Себебі комиссия мүшелері айтқандай сатып алынған бизнес жоспардың саны да, сапасы да, ішіндегі қатесі де бірдей. Оның барлығы соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұрады екен. Тұрғындар арасында «Танысың болса бәрі шешіледі...» деген қауесет бар екені жасырын емес. Тіпті кейбіреулер «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талдаң да» деген оймен барлығын ақшаға сатып аламын деп ойлайды. Алайда бұлай оңай олжаға ие болу қайтарымсыз грант үлестіруде іске аспайды. Себебі бұрынғыдай емес, қазір барлығы жіті бақыланып, қадағалануда. Сол себепті тұрғындарға да, заңсыз кәсіпкерлерге де айтатынымыз – біреу. Оңай олжа орға жықпасын.

Тағы да оқыңыз: